Республикалық маңызы бар бірнеше жол бөлігі жабылды
Нұр-Сұлтанда барлық бағыт бойынша эвакуациялауды жүзеге асыратын техника жолға шықты

Ауа райының нашарлауына байланысты (боран, екпінді жел, жолдың нашар көрінуі, көктайғақ) республикалық және облыстық маңызы бар автожолдардың барлық 6 учаскесі бойынша жабылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Нұр-Сұлтан қаласы Төтенше жағдайлар департаментінде Жолдардағы төтенше жағдайларды жою жөніндегі жедел штаб құрылды және жедел телефон желісі ашылды. Барлық бағыт бойынша азаматтар мен автокөліктерді эвакуациялауды жүзеге асыратын жоғары өтімді техника (Кунг, Трэкол) шықты. Жол полициясымен бірге автокөліктердің өтуіне жол бермеу үшін бекеттер қойылды.
«Қазіргі уақытта қала тұрғындары медициналық көмекке жүгінген жоқ. Сонымен қатар қала бойынша аялдамаларда автобус күтіп тұрған азаматтарды жеткізу үшін 25 жергілікті вахта жұмыс істейді», - делінген ТЖД хабарламасында.
Блок-бекеттерде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ТЖД қызметкерлері ПД және жол иелерімен бірлесіп тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Авариялық-құтқару жұмыстарына жеке құрамнан барлығы 26 адам және 8 бірлік техника жұмылдырылды.
«Елорда тұрғындары мен қонақтарына қала сыртына шықпауға, сақ болуға, ауа райының өзгеруі мен енгізілген шектеулер туралы ақпаратты қадағалауға кеңес береміз. Жел күшейген кезде ғимараттардан шығуға шектеу қойылуы тиіс. Балаларды ерекше бақылауға алу және оларды қараусыз қалдырмау маңызды. Егер сізді көшеде қатты жел соғып қалса, жерасты өткелдеріне немесе ғимараттардың кіреберістеріне тығылуға кеңес береміз. Үйлердің қабырғаларына қатты желден жасырынбаңыз, өйткені шатырлардан шифер мен басқа шатыр материалдары құлауы мүмкін», - делінген ведомство хабарламасында.
Төтенше жағдай туындаған жағдайда «112» телефон нөміріне қоңырау шалыңыз!