«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы «TALQYLAU» пікірталас алаңының алғашқы отырысына қатысты
Асхат Оралов Президент жүктеген тапсырмалардың орындала бастағанын атап өтті
«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов «TALQYLAU» пікірталас алаңының алғашқы отырысына қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Асхат Оралов пікірталас алаңында Қазақстан қазіргі саяси бірлестіктер модернизацияланатын, осы ретте «AMANAT» жұмысын бастап кеткенін жеткізді.
«Президент бірқатар саяси реформаларды жария еткені белгілі. Бұл ең алдымен суперпрезиденттік биліктен Парламенті мықты республикаға ауысу, мәслихаттардың рөлін күшейту, азаматтық қоғамды дамыту. Сондықтан, сайлау туралы заңнамалық процесстер өзгереді, бұл өз кезегінде елдегі демократиялық өзгерістердің негізі болады», - деді Асхат Оралов.
Оның айтуынша саяси партияларды тіркеу процесі жеңілдеген соң елде жаңа саяси қозғалыстар мен партиялардың құрылуына жол ашылады.
«Міне сондықтан да қазіргі саяси бірлестіктер модернизациялануы керек. «AMANAT» бұл бағыттағы жұмысын бастап кетті. Съезден бері бір ай уақыт өтпесе де, сонда айтылған тапсырмалар мен бастамалар орындалып жатыр. Мәселен, екі апта ішінде мобильді қоғамдық қабылдау ұйымдары төрт өңірді – Қызылорда, Ақмола, Қарағанды және Павлодар облыстарын аралап үлгерді», - деді пікірталас алаңында сөзін тәмамдаған Оралов.