Елімізде жаңадан құрылған облыстарды қалыптастыру үшін комиссия құрылды

Әсел Оршыбекова

Үш облысты құруды көздейтін Президент Жарлығының жобасы жақын арада Президент Әкімшілігіне енгізіледі

Елімізде жаңадан құрылған облыстарды қалыптастыру үшін комиссия құрылды
Көрнекі фото

Мемлекет басшысының Қазақстан Халқына жолдауында айтылған Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты құрылады. Конституцияда Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесі мен қызметінің кепілдіктері регламенттеледі. Сондай-ақ, адам құқықтары жөніндегі уәкілге Конституциялық Сотқа жүгіну құқығы беріледі. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Үкімет отырысында мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Прокуратура органдарына азаптау туралы істердің айрықша тергеулігін белгілеу көзделеді. Сондай-ақ, «Прокуратура туралы» Конституциялық заң жобасын әзірлеу жоспарлануда.

«Жоғары Сот Кеңесінің конкурстық рәсімдерін онлайн трансляциялауды және олардың қорытындылары бойынша егжей-тегжейлі, дәлелді түсіндірмелер жариялау енгізіледі», - деді министр.

Ал «Бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру және азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайту» бойынша 3 іс-шара іске асырылады.

«Мемлекет мүдделерін, қоғам сұраныстарын және медиа саланың даму үрдістерін ескере отырып, бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңды қайта қарау жоспарланып отыр. Реформаларды дайындау мен іске асыруға қоғамдық ұйымдар мен сарапшыларды кеңінен тартуға бағытталған мемлекеттің азаматтық қоғаммен өзара іс-қимылын күшейту жөніндегі тәсілдер әзірленетін болады», - деді ведомство басшысы.

Әлібек Қуантыров бүгінде министрлік Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарын құру бойынша тиісті жұмыс бастап кеткенін мәлімдеді. 25 наурызда Премьер-Министрдің өкімімен аталған облыстарды қалыптастыру үшін комиссия құрылғаны айтылды.

«Комиссияның міндеті жаңа өңірлерді құру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс шеңберінде мемлекеттік органдардың ведомствоаралық өзара іс-қимылын қамтамасыз ету болып саналады. Сондай-ақ жауапты орындаушыларды және іске асыру мерзімдерін көрсете отырып, «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» Президент Жарлығын қабылдау жөніндегі жұмыс алгоритмі әзірленді. Алгоритм ұйымдастырушылық-дайындық және жедел іс-шаралар тізбесін қамтиды. Алгоритм аталған облыстардағы әкімдіктердің назарына жеткізілді», - деді ол.

Жалпы алғанда, Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарын құруды көздейтін «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» Президент Жарлығының жобасы жақын арада Президент Әкімшілігіне енгізіледі.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.