Таразда 12 жастағы жасөспірімнің үстіне ағаш құлап, қайтыс болды
Куәгерлердің айтуынша баланың қасындағы анасы зардап шекпеген

Таразда анасымен бірге маршруттық автобус күтіп тұрған 12 жастағы жасөспірімнің үстіне ағаш құлады. Оқиға салдарынан бала сол жерде көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жамбыл облысы ІІД хабарлауынша, сағат 13.30-да полицейлерге Төле би даңғылының бойында орналасқан «Арбат» саябағының аялдамасы маңында ағаш құлап, 12 жасар баланы басып қалғаны туралы хабарлама түскен. Бала анасымен бірге маршруттық автобус күтіп тұрған.
«Кәмелетке толмаған бала алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды», - деп хабарлады ведомство.
Тәртіп сақшылары оқиғаны толық және жан-жақты тергеуге бағытталған жедел-іздестіру шараларын жүргізіп жатыр.
Оқиға орнында болған адамдар жүкті көтеріп, баланы құтқарып, аялдама орындығына жатқызған. Жедел жәрдем 10-15 минутта келсе де, баланы құтқарып қалу мүмкін болмады. Куәгерлердің айтуынша баланың анасы зардап шекпеген.