Астанада туберкулез көрсеткіші 30%-ға төмендеді
Емханаларда 16 стационарлық және 5 жылжымалы флюорографиялық аппарат жұмыс істейді
Соңғы 5 жылда Нұр-Сұлтанда туберкулезбен ауыру 30,1%-ға төмендеді. Бұл туралы онлайн брифингте қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әлия Рүстемова мәлім етті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Қазіргі уақытта қала тұрғындарына профилактикалық флюорографиялық тексеру жүргізу үшін МСАК ұйымдарында 16 стационарлық және 5 жылжымалы флюорографиялық аппарат жұмыс істейді. 2022 жылы тағы да осындай 3 аппарат сатып алу жоспарланып отыр.
«Туберкулезді диагностикалауды гендік-молекулалық әдістердің көмегімен тексеру үшін Нұр-Сұлтан қаласында 4 аппарат бар: 3-еуі МСАК ұйымында (4, 5, 7-емхана) және 1-еуі қалалық фтизиопульмонология орталығында. Аталған зерттеу 2-3 сағат ішінде қоздырғыштың бар-жоғын анықтап қана қоймай, дәрілік сезімталдықтың бар-жоғын анықтауға, яғни емдеудің тиімді схемасын тағайындауға мүмкіндік береді», - деп хабарлады Әлия Рүстемова.
Елордада туберкулезден емделіп жатқан науқастарға үнемі әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Бұрын азық-түлік жиынтықтары мен жол жүру карталары берілетін, ал 2019 жылдың екінші жартыжылдығынан бастап 10 АЕК мөлшерінде ай сайынғы ақшалай төлем түрінде көмек көрсетіледі.
«Қаупі жоғары» топтарда туберкулезді анықтау бойынша әріптес ретінде ҮЕҰ тарту маңызды болып саналады, бұл ведомствоаралық және сектораралық өзара іс-қимылды күшейту үшін негіз жасауға мүмкіндік береді.
2022 жылдан бастап елордалық мәслихат әлеуметтік тапсырыс аясында туберкулездің алдын алу бойынша жұмысқа ҮЕҰ тартуды қолдады.