$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Петропавлда құлаған мұржа 2013 жылдан бері тексерілмеген

Талапқа сай жылу орталығы мұржасының жағдайы 5 жыл сайын бағалануы тиіс

Петропавлда құлаған мұржа 2013 жылдан бері тексерілмеген

Петропавл жылу орталығының мұржалары 9 жылдан бері тексерілмеген. Талапқа сай мұндай қондырғылардың жағдайы әр 5 жыл сайын сараптамадан өтуі тиіс. Адам өліміне алып келген апат себептері әлі күнге анықталған жоқ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.          

АПАТ СЕБЕБІ ӘЛІ КҮНГЕ АНЫҚТАЛҒАН ЖОҚ

Естеріңізге сала кетсек, 20 наурыз күні Петропавл қаласындағы жылу электр орталығының алып 3 мұржасының бірі құлаған болатын. Биіктігі 150 метр қондырғының 60 метрі опырылып түскен. Үйіндінің астында қалып қойған жұмысшының денесі екі күннен кейін ғана табылды. Төтенше оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, кәсіпорынның директоры мен бас инженері қамауға алынды. 

Талапқа сай стратегиялық нысандағы мұржаларының жағдайы 5 жылда бір рет тексерілуі тиіс. Алайда бұл жұмыс 2013 жылдан бері атқарылмаған. 

«Соңғы рет мұржаның жағдайын зерттеу жұмыстары 2013 жылы өткізілген еді. Одан кейін мұндай шығындар кәсіпорын бюджетінде жоспарланбаған. Себебін осыған дейін мекемені басқарған азаматтардан сұрау керек деп ойлаймын. Қамауға алынған жылу электр орталығының директоры өткен жылдың мамыр айында, ал бас инженер биыл ақпанда қызметке кірісті. Мұржаның құлау себебі сараптамадан кейін белгілі болады. Бұл мәселені үкімет қадағалайды. Қылмыстық іс аясында тергеу амалдары жүргіліліп жатыр», - дейді «СевКазэнерго» АҚ бас директоры Михаил Косачев.

ЖЫЛУ ОРТАЛЫҒЫ ҚАЛЫПТЫ ЖҰМЫС РЕЖИМІНЕ АУЫСҚАН ЖОҚ

Қазір жылу орталығындағы 12 қазанадықтың 5-еуі жұмыс істеп тұр. Мамандардың айтуынша, бұл жеткілікті. Құлаған мұржаның үйінділері 1300 шаршы метрге шашылған болатын. Қауіпсіздікті сақтау мақсатында апат орнына 50 метр қашықтықтан жақындауға тыйым салынған.  

«Қазір жылудың тұтынушыларға қажетті мөлшері өндіріліп жатыр. Мұржаны алып тастау мәселесі жайында шетелдік және отандық компаниялармен келіссөздер өтіп жатыр.   Сонымен қатар күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспары әзірленуде. Өйткені келер жылы тұтынушыларды тиісті мөлшердегі жылу және электр энергиясымен қамтамасыз ету керек. Ол үшін екі мұржа жеткіліксіз. Мұржалар соңғы рет 2017 жылы жөнделген болатын. Шамамен 50-60 млн теңге жұмсалды. Қаражат компания есебінен бөлінді. Нақты қандай жұмыстар атқарылғанын айту қиыр. Қазір жобалық-техникалық құжаттар қайта қаралуда. Тергеуге қажет болған соң да, барлық қағаздарды қайта көтеріп жатырмыз», - дейді Михаил Косачев.

ЖЫЛУ ОРТАЛЫҒЫ – АУАНЫ ЕҢ КӨП ЛАСТАЙТЫН КӘСІПОРЫН

Петропавл жылу электр орталығы – Солтүстік Қазақстанда ауаны ең көп ластайтын кәсіпорын. Экология, геология және табиғат ресуртстары министрі аталған нысанда болып, ұжым басшылығына бірқатар ұсыныстар білдірді. 

«Апаттан кейін ауа сапасы тексерілді. Зиянды қалдықтардың шамадан тыс мөлшері анықталмады. Сондықтан тұрғындарға алаңдауға негіз жоқ. Дегенмен кәсіпорындағы басқа мәселе толғандырады. Жыл сайын 1 млн тонна күл шығарылады. Ол қоймада сақталады. Қоршаған ортаға зиян келтіреді. Бұл мәселені шешу қажет. Жаңа технологияларды енгізіп, экологияға тиетін зиянды азайту керек. Қазір оны пайдалану әдісі көп. Мәселен жол құрылысына, цемент өндірісінде қолдануға болады. Мұндай мысалдар жетерлік. Қарағанды облысында күлді жол құрылысына пайдаланады. Оның барлығын реттеуге болады. Кәсіпорынмен ортақ шешімге келеміз деп ойлаймын», - дейді Серікқали Брекешов.

Қоршаған ортаға түсетін зиянды заттардың 70 пайыздан астамы осы мекемеге тиесілі.

«Былтыр кәсіпорыннан 40 мың тонна зиянды заттар шыққан. Биыл 25 мың тонна. Жаңа технологияларды енгізу керек. Ол қоршаған ортаны ластау көрсеткіштерін айтарлықтай төмендетуге септеседі. Ең жақсы және қолжетімді технологияларды енгізуге болады. Экологиялық кодекске сай, компания 10 жылға эмиссия төлеуден босатылады. 

Талаптардың орындалуын министрлік қадағалайды. Егер шарт орындалмаса, айыппұл салынады. Жаңа технологияларды енгізу - бұл күрделі процесс. Оған көп шығын кетеді. Бірақ қоршаған ортаның тазалығы маңыздырақ», - дейді министр.  

ҚҰЛАҒАН МҰРЖА АЛЫНЫП, ОРНЫНА ЖАҢАСЫ САЛЫНБАҚ

Жылу электр орталығындағы қондырғылардың жартысынан көбінің тозығы жеткен. 1960 жылы іске қосылған кәсіпорында кешенді жөндеу жасалған емес. Мұржалар да сол сәттен бері қызмет етіп келеді. 

«Мұржаның іске қосылған жылы мен қазіргі жағдайын есепке алып, оны жаңартуды ұйғардық. Соңғы апат күтпеген жерден болды. Мақсатымыз - осындай жағдайлардың алдын алу. Қалған екі мұржаның жағдайы жан-жақты зерттеледі. Әрбір қазандық, әрбір мұржа бойынша жеке есеп жасалады. Мәселен өткен жылы кәсіпорынға 4 млрд теңге инвестиция жұмсалды. Жартысына жуығы жөндеу жұмыстарына кетті», - дейді Михаил Косачев. 

Ескі мұржа қашан алынып, жаңасы қай уақыта орнатылатыны нақты айтылған жоқ. 

Эльмира Мәмбетқызы

Серіктес жаңалықтары