Елордада велосипед ұрлауды кәсіпке айналдырған үш күдікті ұсталды
Ұсталғандардың екеуі уақытша ұстау изоляторына қамалды
Нұр-Сұлтан қаласының полицейлері тұрғын үйлердің кіреберісінде тұрған велосипед ұрлаған үш күдіктіні ұстады. Бұл туралы Azattyq Rýhy қалалық Полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.
«22, 21 және 16 жастағы үш дос қылмыстық ниетпен тұрғын үйлердің кіреберістерін жағалап, қараусыз қалған велосипедтерді іздеген. Сығанақ көшесінің бойындағы үйдің кіреберісіне кірген жастар сымарқанды кесіп, велосипедті ұрлап кеткен. Бірақ бұл оларға жеткіліксіз болды. Келесі күні олар Сауран көшесінің бойындағы тұрғын үй кешенінің кіреберісінде дәл осындай жолмен тағы екі велосипедті қолды еткен. Олар ұрланған велосипедтерді металл қабылдау пунктіне өткізіп үлгерген.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК 188-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Заттай айғақтар алынды. Қазіргі уақытта ұсталғандардың елорда аумағында жасалған басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде», - делінген хабарламада.
Ұсталғандардың екеуі Нұр-Сұлтан қаласы ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды, кәмелетке толмаған бала бейімдеу орталығына орналастырылды.