Петропавл жылу орталығында бір адам іздестіріліп жатыр

Azattyq Rýhy

Әзірге оның тірі не өлі екені белгісіз

Петропавл жылу орталығында бір адам іздестіріліп жатыр

Петропавл жылу электр орталығында құлаған мұржа үйінділерінің арасынан бір адам іздестірілуде. Әзірге оның тірі не өлі екені белгісіз, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Петропавл жылу электр станциясының биіктігі 120 метрлік алып мұржаларының бірі бүгін кешке құлаған болатын. Апаттық жағдайға байланысты жедел штаб құрылды. Кәсіпорын жұмысшыларын түгендеу кезінде біреуінің жоқ екені анықталды. Қазір оқиға орнында төтенше жағдай, жедел жәрдем, прокуратура және полиция қазметкерлері жұмыс істеп жатыр. Нысан түгелдей қоршауға алынып, аумағына бөгде адамдарға өтуге тыйым салынған.

Кәсіпорында 800-ге тарта адам еңбек етеді. Әлі де 200 жұмысшының орны бос тұр. Ұжым басшылығының айтуынша, оның басты себебі жалақының аздығы.

Электр станциясындағы 12 қазандықтың екеуі ғана жұмыс істеп тұр. Құлаған мұржа үгінділері қанша аумаққа шашылғаны белгісіз. Қала тұрғындары ыстық судың жоқтығына және жылу батареяларының салқындап кеткеніне шағымдануда. Айтуларынша,  шаһардың орталығы, 19, 20, Жас өркен  шағын аудандарында жылу жоқ. Әлеуметтік желілерде Петропавлда жылу, жарық пен су да болмай қалуы мүмкін деген ақпарат тарап жатыр. Кейбіреуі тұрғындарға су құйып алуға кеңес беруде. Дегенмен билік өкілдері бұл мәліметтерді жоққа шығарды. Жедел штаб мүшелері бүгін түнде тағы 4 қазандық іске қосылатынын жеткізді.

Петропавл жылу электр орталығы 1960 жылы салынған болатын. Нысанда содан бері күрделі жөндеу жүргізілмеген. Қондырғылардың 56 пайызы тозған. Жылыту маусымы басталғалы бірнеше рет апат болды. Салдарынан буға күйіп қалған екі адам көз жұмды. Қазандықтар бірнеше рет істен шықты.

Жылыту маусымы аяқталғаннан кейін кәсіпорынды модернизациялау жоспарланған. Бұл мақсатқа 17 млрд теңге жұмсалмақ.

Эльмира Мәмбетқызы

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.