Павлодарда есірткі сатумен айналысқан 19 жастағы студент ұсталды

Azattyq Rýhy

Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды

Фото ашық дереккөзден

Павлодарда 19 жастағы студенттен 12 грамнан астам синтетикалық ұнтағы бар 13 бума табылды. Бұл туралы Павлодар облыстық ПД баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Павлодар облысының полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы күрес бөлімшелерінің қызметкерлеріне жас жігіттің заңсыз заттарды таратумен айналысқаны туралы жедел дереккөздерден ақпарат түсті», - деп хабарлады Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Ведомство басшысының орынбасары Болат Нұрсейітов арнайы іс-шаралар барысында күдіктінің анықталып, ұсталғанын айтты.

«Ол Павлодар қаласындағы оқу орындарының бірінің 19 жастағы студенті болып шықты. Жас жігіттен ұнтақты зат салынған 13 бума тәркіленді, сараптама қорытындысы бойынша салмағы 12 грамнан асатын синтетикалық есірткі заттары екені анықталды», - деді Б.Нұрсейітов.

 Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

«Күдіктінің интернет арқылы есірткі дүкендерінің біріне курьер болып жұмысқа орналасқаны қаралып жатыр. Айыпталушы оларды үйінде бір реттік дозаға орап, қала бойынша таратқан», - деп атап өтті ПД.


 

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.