Алматыда прокурорлар ағаш отырғызды
Былтыр Алматыда 300 мыңнан астам ағаш егу жұмыстары жүргізілді
Алматыда көктемгі ағаш отырғызу маусымын прокурорлар бастады. Алатау аудандық прокурорларының қызметкерлері жаңбырлы күнге қарамастан бос жатқан жерлерге көшеттер отырғызды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Олар Саялы ықшамауданына қарасты аумаққа қарағаш, үйеңкі сынды көшеттерді отырғызды. Заңның үстемдігін қадағалайтын қызметкерлер алдағы уақытта тағы бірнеше жер учаскесін шағын орманға айналдырмақ.
«Ұлыстың ұлы күні қарсаңы – ағаштар бүршік атып, бәйшешек гүлдеп, табиғат жаңаратын ерекше уақыт. Ата-бабамыз бұл мезгілді өмірдің жаңа бастауы деп санаған. Бұл – ұлық мереке. Наурыз 2001 жылдан бері мемлекеттік мереке ретінде белгіленіп, халық сол кезде үш күн демалады. Осы керемет мереке қарсаңында ұжымымызбен бірлесіп ағаш отырғызуды бастап кеттік. Әдемі қаланың ауасы жақсарып, тыныс-тіршілігіне нәр берсін, сән берсін деген оймен бұл істі әліде жалғастырмақпыз. Ағаш егу – атадан қалған мұра, сауапты іс. Күллі түркітілдес елдеріне ортақ мереке құтты болсын. Елімізде бейбітшілік болсын, саналы, салиқалы жастар көбейсін», - деді Алматы қаласы Алатау ауданының прокуроры Ізбасар Масақбаев.
«Алматыны дамыту – 2025» бағдарламасы аясында қаланың «жасыл желісін» құру міндеті қойылған. Былтыр Алматыда 300 мыңнан астам ағаш егу жұмыстары жүргізілді. Негізгі басымдық Алатау және Наурызбай аудандарына берілген. Тек биылдың өзінде Алатау ауданында 128 мың мың көшет егу жұмыстары жоспарланған.