Қазақстанда дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың жеткілікті қоры бар - Денсаулық сақтау министрлігі
Препараттардың қолжетімділігі мақсатында дәрілік заттардың тұрақтандыру қорлары жұмыс істейді
Бүгінгі таңда Қазақстанда дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың жеткілікті қоры бар. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Бүгінгі таңда Қазақстанда бөлшек сауда сегментінде дәрілік заттардың бар-жоғы мониторингіне сәйкес тапшылық байқалмайды.
Препараттардың қолжетімділігі мақсатында дәрілік заттардың тұрақтандыру қорлары жұмыс істейді, ірі көтерме дәріхана қоймаларында қор қалыптастырылған.
2022 жылға ТМККК және МӘМС шеңберінде 11,1 млрд теңге сомаға инсулиндердің 20 атауы сатып алынды. Сонымен қатар, Бірыңғай дистрибьютордың қоймаларында инсулиннің жеткілікті қоры бар.
Айта кететін жайт, инсулиндер халыққа дәрігерлердің рецептері бойынша, сондай-ақ диспансерлік есепте тұрған пациенттерге тегін беріледі. Демек, бұл препараттар заттық-сандық есепте тұр. Препараттарды рецептімен босату рецептілерді жазу, есепке алу және сақтау қағидаларымен регламенттеледі және Министрліктің ерекше бақылауында болады. Дәрі-дәрмектерді бақылаусыз қолдану азаматтардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіруі мүмкін.
Дәрі-дәрмектердің бөлшек бағасына келетін болсақ, олардың бағасы белгіленген шекті бағалар аясында қалыптасатынын атап өткен жөн.
Дәрілік заттардың бағаларын мемлекеттік реттеудің арқасында сұраныс пен сатудың маусымдылығын, сондай-ақ жыл сайынғы инфляцияны ескере отырып, бағаларды оңтайлы деңгейде ұстап тұруға болады.
Дәрілік заттарға белгіленген шекті бағаларды асырғаны үшін "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" ҚР Кодексінің 426-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік көзделген.
"Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, жалған ақпарат таратпауға, дүрлікпе тудырмауға және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми көздерінен ақпарат алуға шақырамыз", – делінген хабарламада.