«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғын үй құны қымбаттауы мүмкін
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі өңірлік құрылыс басқармаларымен кеңес өткізді
Қазақстанда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғын үйдің шаршы метр құнын арттыру туралы ұсыныстар айтылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бүгін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев құрылыс саласындағы қазіргі жағдайға қатысты әрекет ету, сондай-ақ саланы қолдаудың қосымша шараларын әзірлеу мақсатында өңірлік құрылыс басқармаларымен және құрылыс саласының кәсіпкерлік қоғамдастығы мен бейінді қауымдастықтардың өкілдерімен кеңес өткізді.
Кездесу барысында сала өкілдерінің нарықтағы бағаларды ескере отырып, сметалық құны мен бағалар жинақтарын қайта қарау, мемлекеттік тапсырыс берушінің орындалған жұмыстар актілеріне қол қою мерзімін қысқарту, сондай-ақ қымбаттаған жобалардың сметалық құнын түзету туралы ұсыныстары қаралды.
«Сонымен қатар, кеңеске қатысушылар мердігерлерге ЖСҚ қымбаттаған сомасын қаржыландырудан бас тартқан кезде мемлекеттік сатып алу туралы шарттарды біржақты тәртіппен бұзуға мүмкіндік беруді ұсынды.
Басқа да ықтимал тетіктердің қатарында құрылыс-монтаж жұмыстарын мемлекеттік сатып алу кезінде берілетін аванс көлемін 70%-ға дейін ұлғайту, "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша 1 шаршы метр құнын арттыру, мемлекеттік тұрғын үй құрылысының орнына құрылыс салушылардан тікелей тұрғын үй сатып алуға тікелей көшу сияқты пікірлер айтылды», - делінген ИИДМ баспасөз хабарламасында.
Кеңес қорытындысында Қайырбек Өскенбаев кездесуде айтылған ұтымды ұсыныстар Үкіметтің қарауына берілетінін хабарлады.