Ақтөбеде ер адам пияз ішіне есірткі, ұялы телефон жасырып, түрмеге өткізбек болды
Ол қылмыстық жауапкершілікке тартылды
Пиязға есірткі жасырып, тергеу изоляторына кіргізбек болған ақтөбелік тұрғын қылмыстық жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбеде ҚАЖ департаментіне қарасты КА-168/1 (тергеу изоляторы) мекемесінің режим және күзет бөлімінің қызметкерлері мекемеге келген сәлемдемені тексеру кезінде пияздың ішіне мұқият жасырылған екі ұялы телефон, бір sim-карта және салмағы 10,07 грамм болатын «гашиш» есірткі затын тәркіледі.
Тыйым салынған заттарды 32 жастағы Ақтөбе облысының тұрғыны А. Б. абақтыда «Бопсалау» бабымен күдікті-айыпталушы танысына фольга қағазына мұқият орап, пияздың ішіне жасырып, бермек болған.
Кейін сараптама қорытындысы зерттеуге ұсынылған жасыл түсті өсімдік тектес заттың салмағы 10,07 грамм «гашиш» есірткі заты екендігін анықтады.
«Қазіргі уақытта тыйым салынған затты мекемеге әкелуші азаматқа қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабы 2-бөлігі (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау) бойынша қылмыстық іс қозғалды», – дейді Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің бастығы Руслан Уразбаев.
Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, пияздың ішіне тыйым салынған заттарды жасырып, түрмеге кіргізуге әрекеттену фактісі бұған дейін де тіркелген. Яғни, мекемеге тыйым салынған затты әкелуші 24 жастағы Ақтөбе облысының тұрғыны пияздың ішіне мұқият жасырылған бір ұялы телефон мен бір sim-картаны «Қаржылық пирамиданы құру және оған басшылық ету» бабы бойынша күдікті-айыпталушы танысына жеткізбек болған.
Құқық бұзушыға ҚР ӘҚБтК-нің 791,795-баптары бойынша хаттама толтырылып, іс Ақтөбе қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына жолданған. Заңмен белгіленген тәртіпті бұзушы сот шешіміне сәйкес айыппұл арқалауы мүмкін.