Талдықорғанда қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан полиция және әскери қызметкерлердің отбасына баспана берілді
Бұдан бөлек, бүгінге дейін қаза тапқан 8 күштік құрылым қызметкері отбасыларының әрқайсысына 5 млн теңгеден өтемақы төленді

Ерлік ескерусіз қалмайды. Бүгін Талдықорғанда қаңтар оқиғасына қатысып, қызмет бабында қаза тапқан 4 сарбаздың отбасына баспана кілті берілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мұндай көмекті оларға "Хан Тенгри Девелопмент ЛТД" ЖШС көрсетіп отыр. Жиында компания басшысы Виктор Ли жиналғандар қайғысына ортақтасып көңіл айтты және қиын кезеңде ел тыныштығын қорғаған батырлар ерлігі ескерусіз қалмайтынын атап өтті.
Жиналғандар алдымен құрбан болған әскери қызметшілерді 1 минут үнсіздікпен еске алды. Үй кілттері облыстық Ішкі Істер Департаменті Жедел Қимылдау Бөлімшесінің инспекторы Дархан Барғанаев, Талдықорған тергеу изоляторының инспекторы Ербол Ержанов, сондай - ақ әскери қызметшілер Әділ Нұркенов пен Ғабдолла Смайлқановтың жақындарына табысталды.
Айта кету керек, бүгінге дейін облыс әкімдігі тарапынан қаза тапқан 8 күштік құрылым қызметкері отбасыларының әрқайсысына 5 млн. теңгеден өтемақы төленді. Екінші деңгейлі банктермен қаза тапқандар мен олардың жұбайларының жалпы құны 12 млн.теңге кредиттері кешірілді.