Астанада Юнус Эмре жырлары қазақ тіліне аударылды
Юнус Эмренің таңдамалы өлеңдері» жинағының тұсаукесері елордадағы Ұлттық кітапханада өтті
Елордада түрік ақыны Юнус Эмренің XIII-XIV ғасырларда жазылған 72 өлеңі қазақшаға аударылып, кітап ретінде басылып шықты деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Юнус Эмре жылына орайластырылған кітаптың тұсаукесері Ұлттық академиялық кітапханада өтті. 2021 жыл ЮНЕСКО және Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоған тарапынан өмірден озғанына 700 жыл толған, түрік елінің ең көрнекті тұлғаларының бірі Юнус Эмре жылы болып жарияланған болатын.
Юнус Эмре – Анадолы жұртында Қожа Ахмет Ясауидың мектебін жалғастырушы ақын, өз өлеңдерін Ясауи жолымен түсіндіріп жазған ұлы ойшыл. Шараның бас ұйымдастырушысы әрі кітап мәтінін жолма жол қазақ тіліне аударған Юнус Эмре түрік мәдениет орталығының директорының міндетін атқарушы Алмагүл Исина ақын шығармаларының негізгі мазмұнына тоқталды.
«Юнус Эмренің таңдамалы өлеңдері» жинағы Юнус Эмре жылына арнайы шықты. Өлеңдерінің негізгі идеясы адамзатты сүюге, ақиқатқа, сабырға, яғни адамзаттық құндылықтарға үндейді. Кітапты Қазақстан Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан филиалына мүше 19 ақын аударды. Кітап 160 беттен тұрады.
Юнус Эмре 13-14 ғасырларда өмір сүрген түріктің атақты ақыны. Оның сол ғасырлардан жазған өлеңдерінің түпнұсқасымен қазақша аудармасын осы кітапқа қостық. Түп нұсқасын қарайтын болсаңыз қазіргі қазақ тіліне өте қатты ұқсайды. Ортақ сөздер өте көп екенін аудару барысында байқадық. Кітап алғы сөзбен басталып, ақынның «Насихаттар кітабы» деп аталатын жинағынан таңдамалы 44 өлеңімен толыққан. Одан кейін ойшылдың шығармасының шыңы болып есептелетін «Диуан» жинағының 28 өлеңі бар. Барлығын қоса алғанда Юнус Эмренің 72 өлеңін қазақ тіліне аудардық. Аудармаға жарты жылдай уақыт кетті», - дейді Алмагүл Исина.
Кітаптың тұсаукесеріне арнайы қатысқан Қазақстан Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан филиалы төрағасы Дәулеткерей Кәпұлы кітаптың аудармасына қатысқан барлық жас ақындарға алғысын білдірді.
«Ақынның шығармасын аударуға Қазақстанның ең талантты жас ақындарын қатыстырдық. Себебі, жас ақындар – қазіргі Еуропаның, Батыс пен Шығыстың өлең өрнегін білетін ізденімпаз, бүгінгі әдебиетке өзіндік қолтаңбасымен келген жандар. Юнус Эмре жырларының аудармасына ерекше өрнек береді деп ойладық. Қазақ ақындарының ішінде Юнустың жырларын ертеден аударып жүрген айтулы шайырларымызды Несіпбек Айтұлы, Ұлықбек Есдәулет, өткенде ғана Юнустың жырларын жеке кітап қылып шығарған Светқали Нұржанды атап өтуге болады. Бұл кісілердің аудармаларының орны бөлек. Дегенмен, жастардың жаңаша көзқарасын Юнустың жырларында танығымыз келді. Юнус Эмренің 72 өлеңін 13 ғасырдағы түрік тілінен қазіргі заманғы түрік тіліне профессор Ердоған Боз аударған. Ақындарға жұмыс процесінде өлеңнің өзінің түп мағынасынан, қазығынан ауытқымайтындай етіп аудару туралы ұсыныс жасадық. Біздің 19 ақынымыз өлеңдерді тамаша етіп аударып берді. Жалпы, Түркі дүниесіндегі түрік шайырлардың жырлары әрбір елге ортақ. Сондықтан олар бір – біріне үлкен әсерін тигізеді, әрі халықтың шығармашылығына, бүгінгі жастардың әдебиетке деген жаңаша көзқарасына әсер етеді деген ойдамыз», - деді Дәулеткерей Кәпұлы.
Мың данамен жарық көрген Юнус Эмренің таңдамалы өлеңдері жинағы Қазақстанның облыс орталықтарындағы барлық кітапханалар мен университеттерге, ақындар мен жазушыларға тегін тарту етіледі.