Білім және ғылым министрлігі еліміздегі тағы бір ЖОО-ны жапты
Комитеттің шешімімен университет бас лицензиясынан айырылды
Елімізде тағы бір ЖОО – З.Алдамжар атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университеті жабылды. Бұл туралы Azattyq Rýhy Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Бұған дейін ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетіне университет қызметкерлерінен шағымдар келіп түскен болатын. Бұл университетте жоспардан тыс тексеру жүргізуге себеп болды. Нәтижесінде комиссия тексеру парағының 46 тармағының 35-ібойынша заңсыздықтарды анықтады.
«Біздің басты міндетіміз – елімізде білім мен кадрлар даярлаудың сапасын арттыру. Егер бүгін университеттер тиісті талаптарға сай болмаса, онда ертең білімі мен біліктілігі жұмыс берушілердің сұранысына сай келмейтін мамандарды шығарамыз. Әрине, тексеру және лицензияны қайтарып алу – бұл сапалы білім беруді емес, тек пайда табуды бірінші орынға қоятындар үшін тиімсіз шара.
Министрлік бірінші тексеруден кейін ЖОО басшылығына бұзушылықтарды жоюға уақыт береді, бірақ көбінесе олар сот талқылауларына уақыт жұмсауды жөн санап, кемшілікті жоюға асықпайды. Әрине, бұл университеттің жабылу уақытын едәуір кешіктіріп, студенттерден төлем түрінде кіріс алуға мүмкіндік береді», - деп айтты ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары.
Оның айтуынша, университет қызметіне қатысты шағымдар 2020 жылдан бастап түсе бастаған.
Айта кетейік, тексеру нәтижелеріне университет шағым түсірді, алайда бірінші және екінші сатыдағы соттардың шешімдерімен комитеттің тексеру нәтижелері бойынша барлық әкімшілік акті өзгеріссіз қалдырылып, университеттің шағымдары қанағаттандырылмады. Енді оны Жоғарғы сот қарайды.
Сонымен қатар комитеттің шешімімен университет бас лицензиясынан айырылды. Бұл шешімге қатысты да университет тарапы сотқа шағымданды.