Шаруалар қойдың жүнін өртеп жіберуге мәжбүр – Сенат депутаты
73 пайызы өңделмей қалып отыр
Былтыр республика бойынша 40 мың тонна қой жүні өндірілді. Оның қайта өңделгені 11 мың тонна ғана. Бұл туралы Сенат отырысында депутат Мұхтар Жұмағазиев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Отандық тоқыма жүн өнімдерін өндірушілер күрделі шикізат тапшылығын бастан кешіп отырған кезде еліміздегі жүн өндірушілер қарапайым және тиімді технологияларды және өндірілген шикізатты қайта өңдейтін бизнесті қолдауға мұқтаж болып отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегіне сәйкес, өткен жылы 40 мың тонна қой жүні өндірілді. Оның қайта өңделгені 11 мың тоннаға жуық. Ал 73 пайызы өңделмей қалып отыр. Бұл ретте, табиғи талшықтан жасалған өнім өндірісі ішкі нарықтың 8 пайызын ғана қамтиды.
Елімізде жүн маталарының өндірісі жоқ. Қой өсірумен елімізде 4 мыңға жуық шаруа айналысады. Ал елімізде жүн өңдейтін зауыттың саны небәрі 13 қана. Оның небәрі 4-еуі ғана толық техикамен қамтылған. Сұраныстың жоқтығынан өткен жылы 6 кәсіпорын жұмысын тоқтатқан. Алып-сатарлар биазы жүнінің 1 кл-ын 100-150 теңгеден қабылдайды», - дейді депутат.
Оның айтуынша, бір қойды қырқуға кететін шығын 300-500 теңге аралығында. Жүн өткізу жолға қойылмағандықтан шаруалар оны өртеп жіберуге мәжбүр болып отыр.