Депутат утилизациялық алымнан қалған 200 млрд теңгені аграрлық секторға беруді ұсынды

Халықты автокөлікпен емес, азық-түлікпен қамтамасыз ету маңызды

Депутат утилизациялық алымнан қалған 200 млрд теңгені аграрлық секторға беруді ұсынды
Фото ашық дереккөзден

Жыл басынан бері екі ай өтсе де әлі де ауыл шаруашылығын субсидиялау тәртібі бекітілген жоқ. Бұл туралы Сенат отырысында депутат Әли Бектаев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Биыл осы мақсатта бөлінетін трансферттер көлемі азайып, субсияда бөлу тәртібі өзгереді. Әрине Жемқорлыққа қарсы агенттіктің тексерулерінен кейін аграрлық секторды субсидиялаудың реформасын жүргізу керек. Бірақ бұл асығыс екі-үш айдың көлемінде жасалатын нәрсе емес. Әсіресе биыл ауыл шаруашылығы үшін қиын жыл болайын деп тұр. Құрғақшылық, қымбатшылық, минералды тыңайтқыштардың қымбаттауы, оның үстіне Ресейге салынған санкцияларға байланысты азық-түлік тауарларының Қазақстанға ағылуы күтіледі. Бұл өз кезегінде біздің шаруаларды тығырыққа тіреуі мүмкін», - дейді депутат.

Оның сөзінше алдын ала жағдайды ескере келе, аграрлық саланы қолдау шараларын арттыру керек. Бұған қоса, субсидияның бір бөлігін жергілікті бюджетке арта салу да саланы қиындатып отыр. Оңтүстіктегі су тапшылығы, тыңайтқыштардың қымбаттауы, жанар-жағармай мәселесі әлі шешілген жоқ.

«Осы ретте «Жасыл даму» есепшотындағы утилизациялық алымнан қалған 200 млрд теңгенің бір бөлігін аграрлық секторға жұмсаған дұрыс шығар. Қазіргі таңда халықты автокөлікпен емес, азық-түлікпен қамтамасыз ету маңызды», - дейді депутат.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.