Қарағандыда «Қазақтелеком» жұмысшылары жалақы көтеруді талап етуде
Жұмысшылар елдегі қымбатшылық пен жылдар бойы өспеген жалақыдан әбден ығыр болған
Қарағандыда «Қазақтелеком» жұмысшылары жалақы көтеруді талап етуде. Айтуыларынша, басшылық берген уәдесін орындамаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.
Жыл басында айлық 50 пайызға көтеріледі деп сенгендер тағы алдандық деп отыр. Жиналғандар елдегі қымбатшылық пен жылдар бойы өспеген жалақыдан әбден ығыр болғанын айтады. Орташа айлықтары 100 мың теңге. Ыстық-суыққа қарамай көше кезіп, телефон мен интернет жүйесін жүргізу оңай емес дейді олар. Сол құрлы жалақыны жарытып алмайды екен. Көбі қосымша жұмыс істеп амалдайтын болған.
Жалақы мәселесінен хабардар басшылық жаңа жылдан бастап айлық 20 дан 50 пайызға көтерілетінін айтқан екен. Алайда осы жолы қолға тиген жалақы көлемі бұлардың көңілін көншітпеді. Ал «Қазақтелеком» басшылығы уәдесінде тұрғанын айтады. Тек қана жалақыны бірден емес, алдағы бірнеше жылда біртіндеп көтеру жоспарланыпты.
«Компанияның стратегиялық жоспарына сәйкес, жалақы алдағы бірнеше жылда көтеріле береді. Оның сыртында тоқсандық сыйақы беріледі. Наурыз айында орындалған жоспар сыйақысы қарастырылған. Бүгінгі күні 17 мың жұмсышының жалақысы орта есеппен 20 пайызға көтерілді», - дейді «Қазақтелеком» АҚ HR-директоры Берік Битабаров.