ҚР Ұлттық банкі «теңге – АҚШ доллары» сауда-саттығының регламентін өзгертті
Қазақстан Ұлттық Банкі «Қазақстан қор биржасы» АҚ-пен бірлесіп хабарлама жасады

Қазақстан Ұлттық банкі «Қазақстан қор биржасы» АҚ-мен бірлесіп, 9 наурызда «теңге – АҚШ доллары» валюта жұбы бойынша сауда-саттық регламентін өзгерту туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Azattyq Rýhy Ұлттық банкке сілтеме жасап хабарлайды.
«2022 жылғы 9 наурызда Қазақстан Ұлттық Банкі «Қазақстан қор биржасы» АҚ-пен бірлесіп теңге – АҚШ доллары валюта жұбы бойынша сауда-саттық регламентін өзгерту туралы шешім қабылдады. Теңге – АҚШ доллары валюта жұбы бойынша сауда-саттық биылғы жылғы 9 наурызда Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша сағат 15:00-де ашылады және Франкфурт аукционы форматында жүргізіледі», - делінген банк хабарламасында.
Бұл шешім жоғары құбылмалылық аясында валюта нарығының тұрақсыздануына және сыртқы факторлар тарапынан қысым жасауға жол бермеу мақсатында қабылданды.
«Теңге – АҚШ доллары валюта жұбы бойынша сауда-саттықтың бұдан былайғы режимі туралы ақпарат ресми байланыс жасау арналары арқылы уақтылы жеткізілетін болады», - деп жазады Ұлттық банк.