Маңғыстау облысында қатты жел салдарынан бірнеше нысан зардап шекті
Дәл осындай жағдай облыстың бірнеше ауданында болған
Маңғыстау облысында қатты жел салдарынан бағаналар мен ағаштар құлады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy жергілікті Лада порталына сілтеме жасап.
Порталдың жазуына қарағанда, 5 наурызға қараған түні аймақта дауыл көтерілген. Түнгі сағат 02:30-дың кезінде қатты жел Қызылтөбе кентінде уақытша құрылыстың шатырын жұлып әкетті. Ешкім зардап шеккен жоқ.
Бұдан бөлек, электр желілерінің екі бағанасына зақым келді. Оны жөндеуге 27 маман мен жеті техника тартылды. Таңғы 9-ға қарай барлық жұмыс аяқталды. Қазіргі кезде тіршілікті қамтамасыз ету нысандары штаттық режимде жұмыс істеп тұр.
Ал Жетібай ауылында түнгі сағат 03:35-те құрылысы аяқталмаған ғимараттың шатыры ұшып кетіп, жол үстіне құлаған. Құтқарушылар жолды тазалады.
Дәл осындай жағдай облыстың бірнеше ауданында болған. Мәселен, Ақтау қаласында шатыр құлап, азық-түлік дүкені жантайып қалды, тағы бір үйдің қаптауы түсіп кеткен. Маңында тұрған көлікке зақым келді.
Сондай-ақ, Ақтау қаласындағы қиылыстардың бірінде бағдаршам құлады. Жаңадан салынған үйдің балкон есігі босап кеткен. Жергілікті тұрғындар екі ағаштың құлағанын да видеоға түсіріп алды.