Тараздағы жарылыста жоғалып кеткен сержантты іздеу жұмыстары жалғасады
Бұл туралы Қорғаныс министрлігі мәлімдеді

Генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов басшылық еткен Қорғаныс министрлігінің комиссиясы Тараз гарнизонына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Комиссия құрамында Қорғаныс министрінің орынбасарлары генерал-лейтенант Руслан Шпекбаев, генерал-майор Мұхамеджан Таласов, Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-майор Талғат Қойбақов, сондай-ақ Инженерлік әскерлер, Радиациялық, химиялық, биологиялық қорғау және экологиялық қауіпсіздік департаменттерінің, Әскери инфрақұрылым бас басқармасының өкілдері бар.
Генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов Тараз гарнизонының инфрақұрылым нысандарымен танысып, әскери бөлім командирлерінің бөлімшелердің мақсаттары мен міндеттері, олардың жасақталуы, жарақтандырылуы, жауынгерлік мүмкіндіктері, инфрақұрылымы мен даму көкжиегі, ағымдағы жай-күйі және проблемалық мәселелері туралы баяндамаларын тыңдады.
Байзақ ауданындағы әскери бөлімде министрге техникалық аумақты жарылыс қаупі бар оқ-дәрілердің қалдықтарынан тазарту туралы баяндалды. Оқиға салдарларын жою бойынша біріккен жасақтың күшімен Қайнар разъезінің, әскери қалашықтың, ұзындығы бес шақырым теміржол және автомобиль жолдары, сондай-ақ әскери бөлімнің іргелес аумақтары тазартылды. Инженерлік оқ-дәрілер базасының аумағы түгелдей тазартылды. Жарылыс қаупі бар заттар мен металл сынықтарының бөлшектері арнайы жабдықталған алаңдар мен жинау пунктіне жеткізілді. Ашық сақталатын жеті алаң тазартылып, оқ-дәрі қалдықтары жарылыс алаңына әкетілді.
«Комиссия осы айда қайта басталатын тазалау жұмыстарын жалғастыру дайындығын тексерді. Өткен жылдың тамыз айында болған жарылыста хабар-ошарсыз кеткен кіші сержант Бауыржан Дәуітбаевты іздестіру жұмыстарын жалғастыруға ерекше назар аударылды. Бұл жұмысты «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының бөлімшелері мен Ұлттық ұланның жеке құрамын жұмылдыра отырып жүргізу жоспарлануда», - делінген Қорғаныс министрлігінің баспасөз хабарламасында.
Қорғаныс ведомствосының басшысы қару-жарақ пен әскери техниканы жөндеу процесімен танысты, сондай-ақ ұшқышсыз басқарылатын аппараттардың мамандарын даярлау орталығында болды.
Қорғаныс министрі Қазақстан Президенті – Қарулы күштердің Жоғарғы бас қолбасшысы қойған міндеттер аясында бөлімшелердің жауынгерлік әзірлігі мен жауынгерлік даярлығын қажетті деңгейде ұстау, сондай-ақ аумақты қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтай отырып тазарту жұмыстарын жалғастыру жөніндегі міндеттерді белгіледі.