Еліміз экологиясына нұқсан келтірген ресейлік кәсіпорынға айыппұл салынды
Кәсіпорын өндіріс қалдықтарын Шұбаркөл су айдынына 40 жылдан бері төгіп келеді
Қостанай облысының экологиясына нұқсан келтірген Троицк электр станциясының басшысы жарты миллион теңге айыппұл төлемек, деп хабарлайды «Хабар 24».
Қазақстан мен Ресей арасында жасалған келісімге сәйкес кәсіпорын өндіріс қалдықтарын Қарабалық ауданындағы Шұбаркөл су айдынына 40 жылдан бері төгіп келеді. Бірақ жақында станциядан полигонға дейін тартылған құбыр учаскесі жарылып, қоршаған ортаға мол көлемде күл-қоқыс төгілді. Бұл жайт қазақстандық экологтардың жазалау әрекеттерін қолдануына негіз болды.
Сол маңайдан топырақ сынамасы алынғанымен зиянды заттардың шектен тыс асқаны анықталмады. Дегенмен көршілес Сарыкөл және Котлованный ауылының тұрғындары су айдынына төгілетін күл ауаға тарап, айналаны ластап жатыр деп қынжылады.
«Далаға шықсақ, деміміз тарылады. Тұрғындардың көбі онкологиялық ауруға шалдыққан. Қалдық төгілетін жердің көмілмегеніне үш жылдай өткен шығар. Егер екі ел арасында келісім жасалса, онда неге эмиссиялық төлемақының игілігін халық көрмей келеді?», - деді қоғам белсендісі Миршат Сәрсембаев.
«Тексеріс нәтижесінде Троицк электр станциясына әкімшілік жаза қолданды. Айыппұл көлемі 400 мың теңгеден асады. Одан қалды төгілген күл-қоқыстарды жою туралы ұйғарым берілді. Атмосфералық ауаның құрамын тексерген жоқпыз. Себебі негізгі заңбұзушылық – маңайдағы аумақты ластауға қатысты болды», - деді Экология департаментінің басшысы Талғат Сәбиев.