$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Қазақстан халқына» қоры қаңтарда жазықсыз қаза тапқандардың отбасына көмектеседі

Болат Жәмішев сондай-ақ жұлын-бұлшықет атрофиясы бар балалар үшін аса қымбат дәрілерді сатып алу мәселесі туралы айтты

«Қазақстан халқына» қоры қаңтарда жазықсыз қаза тапқандардың отбасына көмектеседі
Фото: ortcom.kz

«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры өз жұмысын бастады. Бірінші жоба – ДЦП-мен ауыратын балаларды дене шынықтырумен айналысуға тарту тәжірибесін көбейту. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында қор басшысы Болат Жәмішев айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Екінші жоба – жұлын-бұлшықет атрофиясы бар балалар үшін аса қымбат дәрілерді сатып алу.

«Бүгін – халықаралық орфандық аурулармен күрес күні. Бұл осындай науқастарға көмек көрсету қажеттілігін еске салатын күн. Мен Шәрбаттың отбасына көңіл айтамын. Біз оны емдеу үшін әлемдегі аса қымбат препаратты сатып алу туралы шешім қабылдадық, бірақ кеше бала қайтыс болды. Бұл өте ауыр дерт, ол ағзадағы генетикалық ауытқулармен байланысты. Біз Денсаулық сақтау министрлігімен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп орфандық аурулармен ауыратын науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жөніндегі өкілеттігімізді бөлісуге тиіспіз деп айтқым келеді. Бұл ауру балалардың ата-аналары мен дәрігерлер кімнің не үшін жауапты екенін білуі үшін қажет. Осы бағытта жұмыс жүргізілуде, бірақ бұл өте күрделі жұмыс. Біз бұл мәселені қысқа мерзімде шешеміз», - деп сендірді Жәмішев.  

Сонымен қатар, қамқоршылық кеңес қаза тапқан әскери қызметшілердің, ішкі істер және ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлерінің отбасыларына – 21 адам, осы санаттағы ауыр жарақат алғандарға – 94 адам, қаза тапқан балалардың отбасыларына – 3 және жараланған балаларға – 4, қаңтар оқиғаларының кездейсоқ құрбаны болған қаза тапқан азаматтық тұлғалардың отбасыларына – 25 адам, көмек көрсету туралы шешім қабылдады.  

Ресми мәліметтер бойынша, қаза тапқан әскери қызметшінің, ішкі істер органдары қызметкерінің, ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерінің, оқиғалардың кездейсоқ құрбаны болған азаматтық тұлғаның әрбір отбасына 7 млн теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілетін болады. Ауыр жарақат алған әскери қызметшілерге, ішкі істер және ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлеріне, сондай-ақ жараланған балалардың әрбір отбасына 3 млн теңгеден бөлінеді. 

«Бұл жаңалық баспасөзде бүгін ғана шықты және көптеген сұрақтар туғызады. Күш құрылымдарының басшыларынан алған тізімдер, әрине, күмән тудырмайды. Азаматтық тұлғалар тізіміне келетін болсақ, біз омбудсмендерден алған тізімдерді назарға алдық: Бала құқықтары жөніндегі омбудсмен Аружан Саин және Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова. Бұл адамдардың бейбіт тұрғындардың қайтыс болуының барлық фактілерін білмейтіні түсінікті. Алайда, оларға жүгіну негізінде, кейбір резонанстық істерге сүйене отырып, олар біз назардан тыс қалдыра алмайтын 2 тізім жасады. Құзыретті органдармен бірге осы адамдардың өлімінің мән-жайын егжей-тегжейлі анықтап алуымыз керек, содан кейін ғана көмек көрсетілетін болады. Омбудсмендер тізіміне кездейсоқ енбеген бірқатар тұлғалар бойынша шешімдер санаулы күндер ішінде қабылданады. Басқаларына қатысты шешімдер кейінге қалдырылуы мүмкін, себебі тергеу органдары бұл адамдардың өлімінің мән-жайын әлі де анықтап жатыр», - деп түсіндірді Жәмішев.  

Сонымен қатар, қорда портал арқылы жүгінген мұқтаж адамдарға атаулы әлеуметтік көмек көрсету мәселелері пысықталуда. Ол үшін жергілікті атқарушы органдардың басшыларына көмек көрсету бойынша өз ұсыныстарын және өте мұқтаж азаматтардың тізімін әзірлеу бойынша ұсыныс жасалды.

Серіктес жаңалықтары