Қазіргі уақытта жүк көліктері Қазақстанға жолға шықты
Қазақстандық дипломаттар отандық алысқа қатынайтын көлік жүргізушілеріне көмектесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Украина аумағында басталған әскери шиеленіске байланысты қазақстандық алысқа қатынайтын көлік жүргізушілері қиын жағдайға тап болған болатын.
«Украинадан Қазақстанға келе жатқан 10 жүк көлігін Ресей шекарашылары Брянск облысындағы Троебортное өткізу пункті аумағында тоқтатты. Белгілі себептермен олардың кері бағытқа бұрылуға мүмкіндіктері болмады.
Логистикалық қақпанға 11 жүргізуші логистикалық қақпанға түсіп қалды: олардың жетеуі – Қазақстан азаматтары, тағы төртеуі – басқа мемлекеттердің азаматтары. Жүргізушілер Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінің жедел желісіне хабарласып, көмек сұрады.
Дипломаттардың Ресейдің құзыретті органдарымен жүргізген келіссөздерінің нәтижесінде көліктерді өткізу мәселесі шешілді», - делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта жүк көліктері Қазақстанға жолға шықты.
ҚР Сыртқы істер министрлігі Қазақстан азаматтарын Украинадан елімізге оралуын ұйымдастыру бойынша жұмысты жалғастырып жатыр.