СҚО кәсіпкерлері аяқ киімді міндетті таңбалау жүйесін алып тастауды талап етті

Azattyq Rýhy

Қазіргі таңда елімізде аяқ киімнің көлеңкелі нарығы 48,5% құраған

СҚО кәсіпкерлері аяқ киімді міндетті таңбалау жүйесін алып тастауды талап етті

Былтырғы жылдың қарашасынан бастап Қазақстанда аяқ киім өнімдерін міндетті таңбалау жүйесі енгізілді. Пилоттық жоба короновирустық пандемияға байланысты түрлі шектеу шараларына қарамастан іске асырыла бастады. Оған атауы құпия сақталған бір ғана мекеме қатысты. Мамандардың пікірінше пилоттық жоба сәтсіз аяқталды. Міндетті таңбалау бизнес жүргізуде айтарлықтай кедергілер алып келген. Солтүстік Қазақстан кәсіпкерлері жаңа жүйені алып тастауды талап етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

САНДЫҚ ЖҮЙЕ ЖҰМЫС ІСТЕМЕЙДІ

Цифрлық таңбалау – Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасындағы келісім аясында іске асырылатын ауқымды жоба. Ол нарықты контрафактіден тазартуға және заңды айналым есебінен мемлекеттік бюджетке түсетін салықты арттыруға мүмкіндік береді. Ресми деректерге сүйенсек, қазіргі таңда елімізде аяқ киімнің көлеңкелі нарығы 48,5% құраған. Әрине, сандық таңбалау бұл мәселені шешуге сеп болады. Алайда, коронавирус инфекциясының таралуына тосқауыл қою мақсатында қабылданған шектеу шаралары бизнес субьектілері үшін қатты соққы болды. Сол себепті кәсіпкерлердің пікірінше дәл осы сәтте тауарларды таңбалауға көшу ыңғайсыз. 

«Соңғы 2 жыл бойы біз табысымызды еселеудің орнына қыруар шығынға батып келеміз. Пандемия басталғалы бері тауарымыз нашар өтетін болды. Аяқ киімді міндетті таңбалау әсіресе шағын және орта бизнес субъектілері үшін оңайға соқпайды. Тауарды таңбалау – контафактілік өнімді анықтауға мүмкіндік береді. Мемлекет бұл жүйені енгізді. Оны жүзеге асырушы оператор – «Қазақтелеком». Таңбалау аталған компания жасап шығарған электронды платформада жүзеге асырылуы тиіс.  Бізден тауардың суреттемесін жазуды талап етеді. «Қазақтелеком» өкілдері жеңілдететінін айтты. Одан кейін біраз пункт алынып тасталды. Бірақ қиындық азайған жоқ. Біздегі саудагерлердің көбі аяқ киімді Алматы қаласынан әкеледі. Олардың сыртқы экономикалық саудаға мүлде қатысы жоқ. Көбі оның не екенін де білмейді. «Қазақтелеком» жүйесі дұрыс жұмыс істемейді. Ақпаратты дұрыс енгізе алмаймыз. Бірақ оны ешкім естімейді. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасынан көмек сұрадық», - дейді жеке кәсіпкер Кәміл Бектеміров.

Бизнес өкілдерінің сөзінше сандық таңбалауды жүзеге асыратын біріңғай оператор «Қазақтелеком» АҚ-ның жүйесі толық дайын емес. Сайтпен жұмыс істеген кезде көптеген қиындық туындайды.

«Кәсіпкерлер аяқ киімді мәселен өзге мемлекеттерден әкелді делік. Олар тауар құжатын толтырып, өнімдерге жабыстырулары тиіс. Бұл әрине қысқы мезгілде қиынға соғады. Әсіресе солтүстік өңірде. Біз тауарды суық қоймаларда сақтаймыз. Таңбалауды да сол жерде жасағаннан басқа амал жоқ. «Қазақтелеком» жүйесінде әр аяқ киім туралы ақпаратты қарауға болады. Ол тауар Қазақстан аумағына әкелінгеннен сәттен-ақ жүзеге асырылады.  Мұны салық органдары да бақылай алады. Сонда тауарды таңбалау не үшін қажет», - дейді жеке кәсіпкер.

БАСҚА ДА ӨНІМДЕРДІ ТАҢБАЛАУ ЖҮЙЕСІ ЕНГІЗІЛЕДІ

Қазақстанда өткен жылдан бастап темекі өнімдерін таңбалау жүйесі енгізілген. Бұдан бөлек, жақында дәрі-дәрмек, сүт өнімдері, жеңіл өнеркәсіп тауарларын сандық таңбалау бойынша пилоттық жобалар іске асырылады деп жоспарланған.

 «Кәсіпкерлер сандық таңбалауды іске асырулары үшін әр сауда орны 940 мың теңге шығындануы керек. Бұл қаржыға олар 2D сканерін немесе смартфон, принтері бар компьютер, кассалық машина секілді түрлі жабдық сатып алулары тиіс. Оған қоса жоба операторлары мен қызмет көрсету орталықтарына, сондай-ақ тартылатын IT-мамандар мен бухгалтерлерге ілеспе қызметтерді, абоненттік төлемдерді төлеулері керек», -дейді  «Атамекен» ҰКП СҚОФ сарапшысы Лина Ермолаева.

2021 жылдың тамызынан кәсіпкерлер палатасы таңбалау мәселелерін талқылау мақсатында 10-нан астам кездесу мен семинарлар өткізген. Барлық жауапты мекемелерге 7 хат жіберілді. Бұл тізімде «Атамекен» ҚР ҰКП орталық аппараты, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, Қазақстандағы таңбалаудың бірыңғай операторы «Қазақтелеком» АҚ еншілес кәсіпорны «Цифрлық экономиканы дамыту орталығы» серіктестігі бар. Бірақ нәтиже жоқ.

 «Солтүстік Қазақстандағы бөлшек саудамен айналысатын кәсіпкерлерінің бастамасы бойынша еліміздің барлық бизнесмендерінің қатысуымен жиын өтті.  Бірыңғай оператор «Қазақтелеком» АҚ өкілдерінің тауарларды таңбалау және қадағалау жүйесінің дайындығы туралы жариялады. Алайда іс жүзінде жүйе жұмысқа дайын болмай шықты. Өнім карталарын жүктеу және өңдеу үшін бір параққа 10 минутқа дейін уақы кетеді.  Жүйеден алынған таңбалау кодтарының он пайыздан астамы оқылмайтын болып шықты. Сондай-ақ, қалдықтарды жеңілдетілген таңбалау бойынша функционал әлі күнге дейін толық іске асырылмаған. Таңбаланбаған аяқ киімді өткізуге 2022 жылдың 1-ші сәуіріне дейін уақыт бөлінді. Сандық жүйенің дұрыс жұмыс істемейтіндіктен бұл уақыт тым қысқа. СОнда кәсіпкерлер сауда нүктелерін жабу керек пе? Кәсіпкерлер палатасы бизнес өкілдерінің аяқ киімді таңбалау жүйесін алып тастау жөніндегі табалын қолдайды», - дейді СҚО кәсіпкерлер палатасының директоры Әлібек Әшметов.

Эльмира Мәмбетқызы, Солтүстік Қазақстан облысынан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.