Сұйылтылған газ саласында картельдік келісімдер азаймай тұр
Бұл саладағы тергеп-тексеру жұмыстары әлі жалғасуда
Сұйылтылған мұнай газ саласында картельдік келісімдер азаяр емес. Бұл туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Маңғыстау облыстық департаменті жыл басынан 100-ге жуық нарық субъектісіне қатысты тексеру жұмыстарын бастады. Олардың қатарында өңірде 100 проценттік монополия жағдайына ие Қазақ газ өңдеу зауыты да бар. Монополист электронды сауда алаңдары арқылы сұйытылған мұнай газ көлемін өткізу кезінде шекті бағадан асырып, жоғары бағаны негізсіз ұстап тұрған. Нәтижесінде департамент зауыттың тәркіленуге жататын монополиялық кірісі шамамен 342 миллион теңге, ал әкімшілік айыппұлы 127 миллион теңге құрауы тиіс деген тұжырымға келді. Осыған байланысты, аталған сома Қылмыстық кодексте көзделген 20 мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінен асқандықтан, материалдар экономикалық тергеу департаментіне тиісті шара қабылдау үшін жолданды. Өзге де өңірлер назардан тыс қалмады.
«Ең маңызды үлкен сатушы – «АқтөбеМұнайГаз» ұйымы. Оның нарықтағы үлесі 60 процент. Оған тергеп-тексеру бастап, 250 млн айыппұл салайын деп жатырмыз. Қазір бірақ соттамыз. Ең үлкен сауда-саттық биржа ЕТС деген. Оған біз хабарлама беріп, ол оны дұрыс орындамай, қазір тергеп-тексеру бастап жатырмыз», - деді ҚР бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин.