БҚО-да ірі мөлшерде есірткі таратып жүрген бойжеткен ұсталды
Ол 5 жылдан 10 жылға дейінгі бас бостандығынан айырылуы мүмкін
Батыс Қазақстан облысында полиция қызметкерлері құрамында есірткі бар препараттарды сатушының ізіне түсті. Нәтижесінде аса ірі мөлшерде есірткі тасушы анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тергеу облыс аумағына синтетикалық есірткілерді жеткізу арналарын анықтап жатыр. Жас қызды есірткі бар препараттарды тарату күдігі бойынша тексерді.
«Есірткіні заңсыз тарату фактісі бойынша 2003 жылы туған азаматша ұсталды. Тінту іс-шараларын жүргізу кезінде ұсталған адамның орнынан жалпы салмағы 4.37 грамм 6 пакетке және жалпы салмағы 26.92 гр 40 пакетке салынған заттар алынды. Сарапшының қорытындысына сәйкес, алынған заттар синтетикалық есірткі мефедрон болып саналады, алынған заттардың мөлшері аса ірі ретінде айқындалған», - делінген өңірлік ПД хабарламасында.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. ҚР ҚК 297-бабының 1-бөлігі (есірткі заттарын заңсыз сатып алу, сақтау, өткізу мақсатында тасымалдау ) осы баптың санкциялары мүлкін тәркілей отырып, 5 жылдан 10 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру мерзімдерін білдіреді.