Қарағанды облысындағы 6 бірдей балалар үйінің техникалық қызметшілері мемлекетке 35 млн теңге қарыз
Мардымсыз айлық алып отырғандар жоғарыдан қолдау күтеді
Қарағанды облысындағы 6 бірдей балалар үйінің техникалық қызметшілері мемлекетке 35 млн теңге қарыз, деп хабарлайды Хабар 24 арнасы.
Жұмысшыларға бірнеше жыл бойы жалақыға қосымша 5 мың теңге үстеме беріліп келген. Алайда жақында тексеру жүргізген Ішкі аудит департаменті аталған қаржы тек тәрбиешілерге берілуі тиіс екенін анықтаған. Ал тазалықшы, күзетші, киім тігуші сынды жұмысшыларға қаралмаған екен.
Гүлбану Әбдірахманова Қарағанды облысындағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған ең ірі балалар үйінде ондаған жыл қызмет етеді. Кімнің қателігі екені белгісіз, бір басында 360 мыңнан астам қарызы бар екенін жақында біліпті. Тіпті сот шешімі де шыққан. Енді қарызын қайтару үшін жарты жыл тегін жұмыс істеуге тура келетін түрі бар.
«Мысалы, маған қазір 361 мың теңге қайтару керек болып тұр. Мен оны неге қайтарамын? Мен ешкімнен ештеңе сұрағам жоқ, не тағайындап берді соны алып отырдым. Мен бүгінгі күні 60 мың жалақы аламын. Осыдан үш жыл бұрын ол 30 мың болған. Сонда менің оны қалай қайтаруым керек?», - дейді балалар үйінің жұмысшысы Гүлбану Әбдірахманова.
Бір ғана осы мекеменің мемлекет алдындағы берешегі 10 миллион теңгеге жуық. Бұл 70-ке жуық қызметкердің үш жылдан бергі 5 мың теңге үстемесінің қарызы. Бухгалтер болса бұл қаржы білім және ғылымс министрлігінің қаулысына сай берілген деп отыр. Ал, кәсіподақ комитеті салалық келісімнің нәтижесінде төленген дейді.
«Біздің жанайқайымызды жоғарғы соттағылар естіп, осыған дейін шығарылған үкімнің күшін жойса дейміз. Олай болмаса балалар үйінің басшысы өз қызметкерлеріне шағым жазып, ақшаны қайтаруға тура келеді. Жұмысшылардың кейбірі жұмыстан шығып кеткен. Негізінде бізде білім және ғылым министрлігінің жіберген хаты бар. Онда үстеме барлығына бірдей төленеді деп анық жазылған», - деді балалар үйінің кәсіподақ комитетінің төрағасы Самат Байкенов.
Ал сот болса кәсіподақ пен бухгалтерлер ұсынған құжатты негізсіз деп таныпты. Осылайша заңға емес, үкімет қаулысына сүйенгендерін айтады.
«Сот балалар үйі қызметкерлерінің талап арызын негізсіз деп тапты. Себебі үкімет қаулысына сай мемлекет есебінен қаржыландырылатын ұйым қызметкерлеріне мұндай үстеме тек балалар жіті байланыста жұмыс істейтін тұлғаларға ғана берілуі тиіс болған. Ал техперсоналдағы қызметкерлер бұл санатқа енбейді. Ал ұжымдық келісім өз дәлелін тапқан жоқ», - деді мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың судьясы Айгүл Мүтәләпова.
Қазір облыстағы 6 бірдей балалар үйінің жалпы қарызы 34 миллион теңгеге жеткен. Жалпы өткен жылы осындай тексеру елдің барлық балалар үйінде жүргізілген көрінеді. Алайда олқылық тек Қарағанды облысында анықталған. Енді берілген айлықты алып отырған техперсоналдар кімнің кесірінен қарызға батқанын және оны қалай қайтаратынын білмей дал болып отыр. Мардымсыз айлық алып отырғандар жоғарыдан қолдау күтеді.