Атырау облысының шаруалары құрғақшылық зардабын әлі тартып отыр

Azattyq Rýhy

Тұщы су көздерінің аздығынан мыңдаған гектар жер бос жатыр

Атырау облысының шаруалары құрғақшылық зардабын әлі тартып отыр
Фото ашық дереккөзден

Атырау облысының шаруалары 5-6 жыл қатарынан болған құрғақшылықтың зардабын әлі тартып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.

Оның үстіне өзендер мен басқа да тұщы су көздерінің тапшылығы ауылшаруашылығын дамытуға кері әсерін тигізді. Салдарынан «Қайыршақты» округіне қарасты ондаған шаруашылық Атырау Жылу Қуат орталығынан шыққан қалдық суды қанағат тұтып келеді. Бірақ ол судың сапасы сын көтермейді. Осы және өзге де саладағы қордаланған мәселелерді қожалық иелері тағы да көтерді. Облыс шаруаларын тығырыққа тіреп отырған – мал мен егінге қажет су мәселесі. Жыл санап арнасы тартылып бара жатқан Жайық өзенінің мүмкіндігі мұнайлы өңірдегі өндіріс орындары мен ауыз судан артылмайды. Ал мал мен егінге кажетті тірлік нәрін тауып беру жылдан жылға қиындап барады. Сондықтан көптеген шаруашылықтар кәсіпорындардан шыққан қалдық суларды қанағат тұтуға мәжбүр. Бірақ оның да жағдайы мәз емес көрінеді.

«Қайыршақты» ауылдық округіне қарасты ТЭЦ каналы бойына орналасқан 13 шаруашылықтың аманатын алып келіп отырмын. ТЭЦ каналына су керек. Үш айдан бері бұл мәселе шешілген жоқ. Каналдар тартылып, малымыз балшық пен құрт араласқан суды ішіп жатыр. «Бауырқұрт» деген содан туындайды», - дейді қожалық жетекшісі Серік Мәтениязов.

Бауырқұрт ауруы жаз айларында тұрып қалған ағынсыз арналардағы жылы судан шығады. Бұл, әсіресе, облыстың Құрманғазы ауданында жиі кездеседі. Бірақ соңғы 10 жылда Атырауда осы аурудан жаппай мал қырылу дерегі тіркелмепті. Жылу Қуат Орталығының каналдарына келсек, мұндағы өндірістен шыққан су жылы болады. Сондықтан каналдарда түрлі бактериялардың болуы заңдылық көрінеді. Ал су арналарын қосымша суландыру мәселесі кәспорнның құзырында. Олар мал үшін артық су айдамайды,- деді өңір басшысы

«Су Жайықта да тапшы. Деңгейі төмен түскенін білесіздер. Олар «Перетасқа» каналы арқылы өздері ТЭЦ-ке суды алуды зорға ұйымдастырып жатыр. Бірінші каналдың мақсаты ТЭЦ агрегаттарын салқындатуға жеткіілікті болуы керек. Сондықтан ТЭЦ-тің су беру мәселесі өте күрделі», - деді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.

Атырау облысында ауылшаруашылығына жарамды 10 млн гектарға жуық алқап бар. Оның 9.7 мың гектарына егін егіледі. Бірақ тұщы су көздерінің аздығынан мыңдаған гектар жер бос жатыр. Оны суландыруға мұнайлы өңірдегі 16 каналдың қауқары жетпейді. Жеткеннің өзінде жыл сайын арнасы тарылып бара жатқан Жайық өзенінен жылына 25 млн текше метр ғана су алуға болады. Оның 70 проценті өндіріс пен ауыз суға жұмсалады екен. Ал көктемде қар суымен тасып кейін құрғап қалатын шағын өзендерден пайда жоқ. Ендігі амал: трансшекаралық Жайық өзенін суландыру, болмаса, жерасты су көздерін іздеу. Бірақ оған жергілікті биліктің құзыры жүрмейді.

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.