8 жыл бұрын 69 млн теңгеге салынған дәрігерлік амбулаторияның жөндеу жұмысына 75 млн теңге қажет

Azattyq Rýhy

Бұл емхананың қабырғалары қақырап, құлаудың сәл алдында тұр

8 жыл бұрын 69 млн теңгеге салынған дәрігерлік амбулаторияның жөндеу жұмысына 75 млн теңге қажет
Экспресс К

Қызылорда облысында 69 миллион теңгеге салынған мына дәрігерлік амбулатория небәрі сегіз жылдың ішінде апатты деп танылды. Уақытынан бұрын жарамсыз болып қалған нысанға қазір тіпті бірде-бір адамның кіруіне рұқсат жоқ. Өйткені емхананың қабырғалары қақырап, құлаудың сәл алдында тұр дейді тұрғындар. Бұл туралы 31 арнаның Информбюро жаңалықтар қызметінде айтылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

 Соның кесірінен ауылдың ақ халаттылары амал жоқ әкімдіктің ғимаратында ем жүргізіп жүр. Шіркейлі ауылындағы 2014 жылы пайдалануға берілген дәрігерлік-амбулаторияның есігіне қазір қара құлып салынған. Бұл жаққа адам аяғын аттап баса алмайды. Өйткені нысанның ішкі қабырғалары сөгіліп, қазір адам қолы сияқтындай жарылып кеткен. Ал төбесі ортасына түсуі мүмкін дейді тұрғындар. Сондықтан былтыр апатты деп танылған жаңа ғимараттың игілігін көру ауылдықтарға бұйырмапты.

Бұл ауыл дәрігерлерінің қазіргі жұмыс орны. Өз ғимараттары жарамсыз болған соң дәрігерлер әкімдікке көшірілген. Қабырғасы жарты ғасыр бұрын қаланған нысан бұрын мектеп болған. Алайда бұл ескі ғимарат та әбден тозыпты. Қабырғалары жарылып, сылақтары түсіп жатыр. Медицина қызметкерлері мұнда науқасты емдеуге жағдайдың жасалмағанын жасырмайды. Ал тұрғындардың миллиондар жұмсалса да, сапасы сын көтермейтін дәрігерлік-амбулаторияны о баста қабылдап алған шенеуніктерге өкпелері қара қазандай.

Ауданның бас дәрігері ескі мектеп ғимаратында ақ халаттылар уақытша ғана жұмыс істейді дейді. Айтуынша жаңа дәрігерлік-амбулаторияның уақытынан ерте апатты деп танылғанын анықтау үшін сараптама жүргізіп жатыр.

 «Қорытындысы дайын болса күрделі жөндеуге сұраныс тапсырылады. Алдын ала жасалған есеп бойынша 75 миллион теңге қаражатты қажет етеді. Яғни небәрі сегіз жыл бұрын 69 миллион теңгеге салынған ғимаратты қалыпқа келтіру үшін шенеуніктер тағы да мемлекет қаражатына қол салмақ», - дейді Сырдария аудандық ауруханасының бас дәрігері Нұржамал Жұмағалиқызы.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.