Бұл зоопарк жұмысы адамгершілік нормаларына сай келмейді – Алматы әкімдігі
«Almaty Mall» сауда орталығындағы зообақ қызметі бір ай мерзімге тоқтатылды
Алматы әкімдігі «Almaty Mall» сауда орталығындағы хайуанаттарға етене жақын болу зообағындағы жағдай бойынша ресми түсінік берді, деп хабарлайды Azattyq rýhy тілшісі.
Кеше Алматыда хайуандарды бизнес көзіне айналдырған Ресей азаматының әрекеті туралы жазған болатынмыз. Аңдар қамалған жер талапқа сай емес деген еріктілер наразылық білдірген еді.
«Алматы қаласының әкімдігі жұртшылықтың пікірімен келіседі және «мұндай мәдени-ағартушылық қызметті» адамгершілік нормаларына сай емес деп есептейді. Біз «Almaty Mall» сауда орталығының әкімшілігімен аталған хайуанаттарға етене жақын болу зообағының иесімен келісім шартты бұзуы және оның қызметін бір ай мерзімге тоқтату бойынша келісімге қол жеткіздік», - делінген хабарламада.
Айта кетерлігі, бұл Алматыдағы алғашқы жағдай емес, хайуанаттарға етене жақын болу зообағында арыстан, жолбарыс сынды жыртқыш аңдардың төлдері (алан, арлан, пантера) болады. Өкінішке орай, мұндай мекемелердің іс-қызметі ҚР заңнамасы бойынша реттелмеген. Сондықтан біздің тарапымыздан Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігіне хайуанаттарға етене жақын болу зообағының жұмыстарына тыйым салу жөнінде Заң әзірлеу бойынша ресми хат жіберіледі, деп хабарлады Алматы әкімдігі.