$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Жайылымды суландыруға бөлінген 80 млрд теңгенің жартысы талан-таражға түскен – Антикор

Былтыр Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет осындай 106 қылмысты тіркеген

Жайылымды суландыруға бөлінген 80 млрд теңгенің жартысы талан-таражға түскен – Антикор
Фото ашық дереккөзден

Жақында Антикордың қатысуымен агроөнеркәсіптік кешен бойынша өткен жабық отырыста елде ауыл шаруашылығына арналған субсидиялардың қалай тоналғаны туралы айтылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Белгілі болғандай, былтыр Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет осындай 106 қылмысты тіркеген. Бұл істер бойынша 63 адам күдікті деп танылды. Бір қызығы, олардың үштен бірі – бөлімнің немесе ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы. Қазір қылмыстық істер өндірісте, қажетті сараптамалар мен аудиторлық тексерулер жүргізіліп жатыр.

Көп жағдайда субсидия ұрлаудың 3 негізгі әдісі қолданылады екен.

Біріншісі, өтінім фермер атынан оның электрондық цифрлық қолтаңбасының көмегімен беріледі. Күдіктілер ЭЦҚ-ны алдау жолымен алды, ал ақша жалған актілер бойынша аударылады. Осылайша, Батыс Қазақстан облысы бойынша 120 фермердің атынан жалған құжаттарға қол қойылып, олардың субсидия шоттары арқылы алынған.

Екіншісі, жабдықтар жоғары бағамен сатылады. Ауыл шаруашылығы басқармаларының жұмысшыларымен аффилиирленген компаниялар техника жеткізумен айналысды. Мысалы, Ақтөбе облысында АШМ қарамағындағы ұлттық аграрлық ғылыми орталықтың қызметкерлерінен тұратын топ анықталды. Олар күн панельдерін жоғары бағамен жеткізген.

Үшіншісі, субсидиялауға жатпайтын шаруа қожалықтарына негізсіз ақша бөлінеді. Тергеу барысында 65 шаруа қожалығы тексерілді. Олардың 51-інде сатып алынған күн панельдері жұмыс істемейтін болып шықты.

Мәселен, жиында айтылғандай, Ақмола облысында жеке кәсіпкермен сөз байласу арқылы техниканы тексеру туралы жалған актілер жасалып, қол қойылған. Шын мәнінде ауыл шаруашылығы басқармасының маманы нысанға келмеген. Бірақ шаруа қожалықтарының басшыларынан алаяқтық жолмен ЭЦҚ кілттері мен банк шоттарын ашуға арналған сенімхаттар алған. Кейін алған субсидияларды қолма-қол ақшаға айналдырып, ауыл шаруашылығы басқармасының маманымен бөліскен.

Соңғы 5 жылда бюджеттен жайылымды суландыруға 80 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Бұл соманың шамамен 50%-ы үшінші тұлғалардың пайдасына жұмсалғаны анықталған.

Серіктес жаңалықтары