Жезқазғанда жаппай төбелес болды
Қазір оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тергеу жүргізіліп жатыр
Жезқазғанда екі топ арасында жаппай төбелес болды. Оқиғаның видеосы Instagram желісінде жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға түнде Есенберлин көшесіндегі үйлердің бірінің ауласында болған. Төбелес шығарғандар ұсталды.
Желідегі жазба сипаттамасында бір топ ер адам төбелесіп қана қоймай, көліктерді қиратқаны айтылған.
"Шамамен сағат 00.20-да төбелес болды. Алдын ала мәліметтер бойынша, оқ атылған. Сонымен қатар олар көлікті қиратқан. Бірнеше полиция жасағы екі-үш минут ішінде оқиға орнына келді, бірақ төбелес шығарғандар осы уақыт ішінде қашып кеткен. Жедел-тергеу және іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр", - делінген жазба сипаттамасында.
Полиция департаментінің баспасөз қызметі де видеоға қатысты пікір білдірді.
"Оқиғаға қатысқандарды полиция қызметкерлері анықтап, Жезқазған қаласының полиция басқармасына жеткізді. Аталған факт бойынша ҚР ҚК-ның 293-бабы "Бұзақылық" бойынша қылмыстық іс тіркелді. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтау бойынша тергеу шаралары жүргізіліп жатыр", - делінген ведомство хабарламасында.