Нұр-Сұлтанда құрылыс краны құлап, бір адам қайтыс болды
Марқұмның артында үш баласы қалды
Елордада жүріп жатқан құрылыс жұмыстарының бірінде мұнара краны құлап, бір жұмысшы қайтыс болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
2022 жылғы 18 ақпанда сағат 17:07-де Нұр-Сұлтан қаласының аумағында, Есіл ауданы, Тұран даңғылы 89/А мекен-жайы бойынша салынып жатқан объектінің аумағында QTZ 100 мұнара кранының (2013 жылы шығарылған) секциясы сынған. Бұл кранның құлауына әкеп соқты. Нәтижесінде 1970 жылы туған краншы алған жарақаттарынан қайтыс болды.
ҚР ТЖМ ӨҚК Департаментінің инспекторларымен куәгерлерден сауалнама жүргізді, бақылау камераларынан бейнежазбалар алынды және аварияны тексеру жөніндегі комиссия құрылды. Комиссия құрамына ҚР ТЖМ ӨҚКД, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің және мүдделі тұлғалардың өкілдері кіреді.
Елордада әкімдігі Тұран даңғылы бойындағы үйдің маңында кранның құлауы бойынша Төтенше жағдайлар департаменті тексеру жүргізетінін мәлімдеді.
«Тексеру нәтижесінде мұнаралы кранның құлауының себебі мен жағдайы анықталады. Тексеру қорытындысы бойынша шешім қабылдау үшін материалдар қалалық Полиция департаментіне жолданады», - деп хабарланды елорда әкімдігі баспасөз қызметінен.
Әкімдік тапсырмасы бойынша тиісті комиссия құрылмақ. Оның құрамында ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі салалық комитетінің өкілдері мен басқа да өкілетті мемлекеттік органдардың мамандары енетін болады. Комиссия техникалық талаптарға сай келмейтін мұнаралы крандарды тексереді.