Түркістан қаласының әкімдігі көпбалалы отбасыларды ескі үйлерге орналастырған

Azattyq Rýhy

Құны 1 996,4 млн теңгеге 160 пәтер алынған

Түркістан қаласының әкімдігі көпбалалы отбасыларды ескі үйлерге орналастырған
Көрнекі фото

Түркістан қаласының құрылыс бөлімі баспана кезегінде тұрған әлеуметтік аз қамтылған көпбалалы отбасыларды санитариялық талаптарға жауап бермейтін үйлерге орналастырған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Құны 1 996,4 млн теңгеге 160 пәтер алынған. Олар белгіленген санитариялық талаптарға сай емес. Нәтижесінде бюджет қаражаты толық игерілсе де, 160 аз қамтылған көпбалалы отбасы мен 24 мемлекеттік қызметші отбасы пәтерлерге қоныстанған жоқ. Бұған қоса, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2020 жылы Мақтаарал ауданының құрылыс бөлімі аз қамтылған көпбалалы отбасылар үшін 50 бірлік тұрғын үй сатып алған, оның 12-сі қайталама тұрғын үй болып отыр. Оның ішінде салынған жылы 1975-2006 жылдар аралығын қамтиды. Сонымен қатар, бағалау компаниясының сатып алынатын үйлердің құнын анықтауда екіұшты коэффициенттерді қолданғаны, сондай-ақ азамат Пилиаловтың тұрғын үйді өткізу кезінде құнының өсуінен алынған пайдасы бойынша салықтық міндеттемелерді орындамағаны анықталды», − делінген Есеп комитетінің құжатында. 

Айта кетерлігі, Түркістан облысының бюджет қаражатын пайдалану кезінде жалпы сомасы 453,5 млн теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталған.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.