$ 521.9  593.5  6.39
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
16.01.2020, 11:23
Жаңалықтар

Алматы-2 теміржол вокзалы адам өміріне қауіпті нысан ба? (ВИДЕО)

7 қаңтарда ғимараттың қасбетіндегі мәрмәр қаптама құлап, өтіп бара жатқан жүргіншіні басып қалған болатын 

Алматыдағы күніне 4 мың жолаушыны қабылдап, шығарып салатын ірі теміржол вокзалы адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін деген болжам күшейіп келеді. Былтыр Төтенше жағдайлар депараменті бекеттен өрт қауіпсіздігіне байланысты 14 заңбұзушылық тауып, вокзалды жабу үшін сотқа арызданған болатын. Одан тыс, жолаушылар тарапынан санитарлық нормаларға қатысты шағымдар да жиілеген еді. Осыдан бір апта бұрын болған оқыс оқиға бекеттің ары қарайғы тағдырына байланысты нақты шешім қабылдау міндетін күшейте түсті.

Қазір көлік полициясы сапасыз салынған құрылыс салдарынан абайсызда адам денсаулығына ауыр немесе ауырлығы орташа зиян келген деген бап бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр. Тозығы жеткен теміржол бекетіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу де күн тәртібінен түспей келеді. Azattyq Rýhy тілшісі мәселеге үңіліп көрді.  

Абылай хан даңғылында орналасқан вокзал 1939 жылы пайдалануға берілген. Ал 1977 жылы «Алматыгипрогор» кәсіпорны бекетті қайта жөндеуден өткізіп, қасбетін толықтай мәрмәрмен қаптап шыққан. Сондай-ақ, терминалдың ішіне де әрлеу жұмыстары жүргізілген. Одан кейін араға 40 жыл салып, 2012 жылы теміржол бекетіне күрделі жөндеу жасалды. Қазір «Алматыэлектротранс» кәсіпорынына қарайтын ғимарат Алматы қаласының мәдениет және тарихи ескерткіштер тізіміне жатады.

Алматы қаласының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбек қаладағы екі темір жол вокзалын да мемлекет меншігіне өткізуге ықпал етті. Қала билігі 2018 жылы Алматы-1 және Алматы-2 теміржол бекеттерін қаланың коммуналдық меншігіне өткізу арқылы толықтай реконструкциядан өткізуге мүдделі болған. Себебі қалаға кіре беріс қақпаның бұрынғы иелерінде нысандарды жаңғыртуға қаражат болмаған. Шаһар аумағында тұрғандықтан, жоспарлы жөндеу жұмыстары қала бюджетінен  2020 жылы жүзеге асады деп айтылған болатын.

Жолаушылар Алматы-2 теміржол вокзалын адам өміріне қауіпті нысандардың бірі деп жиі шағымданады. Бекетте биыл 7 қаңтарда оқыс оқиға болды. Негізгі ғимараттың қасбетіндегі мәрмәр қаптама құлап, өтіп бара жатқан жүргіншіні басып қалды. Аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілген науқасқа бірнеше операция жасалып, дәрігерлер денсаулығына ауыр зақым келгенін айтады. Оқыс оқиғадан зардап шеккен азаматтың бірнеше қабырғасы сынған, өкпесіне және жұлынына зақым келген. Дәрігерлер оның омыртқадағы жарығына арнайы құрсау салды. Ол енді бірнеше ай реабилитациядан өтетін болады, дейді Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілі.   

ҚР IIM Көліктегі полиция департаменті осы оқиғаға байланысты тергеу жүріп жатқанын айтты. ҚР Қылмыстық кодексінің 278 бабы 1-бөлігі, яғни сапасыз салынған құрылыс салдарынан абайсызда адамның денсаулығына ауыр немесе ауырлығы орташа зиян келтiруге әкеп соғуы бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастаған. Ал вокзал ғимаратының мәрмәрмен қапталған аймағына арнайы қауіпсіздік жолағы тартылып, адамдардың ғимаратқа жақын жүруіне тыйым салынды.

Вокзалдың бас инженері Мәди Кәрімов  ары қарай адам өміріне қауіп төнбес үшін нақты қандай шаралар қолға алынғанын айта алмады. Ал Алматы-2 теміржол бекетінің баспасөз хатшысы Жанна Нұрсейітова тергеу аяқталғанша ақпарат бермейтіндігін айтты.  

«Қазір вокзалды тексеріп жатыр. Егер біз өз бетімізше әрекет етіп немесе журналистерге мән-жайды айтсақ, тергеуге қысым жасалып жатыр деп бағалануы мүмкін.  Қылмыстық іс бойынша қандай да бір үкім шықпай, ғимаратты жөндеу немесе өзге де қауіпті жерлерді тексеруге құқымыз жоқ. Қазір түрлі сараптамалар тағайындалған. Соның нәтижесінен соң кінәлілер анықталады деп ойлаймын. Ал зардап шеккен Ерболат есімді азамат біздің қызметкеріміз емес. Ол өтіп бара жатқан жүргінші», - деді Жанна Нұрсейітова.

Алматыдағы екі ірі вокзал да 2019 жылы «Қазақстан темір жолы» компаниясынан қаланың коммуналдық шаруашылығына өту процедураларын аяқтаған. Мұны «Алматыэлектротранс» команиясының басшысы Ризван Цинаев растады.

«Бұған дейін вокзалға күрделі жөндеу жүргізген кәсіпорындар бойынша бізден полиция тиісті құжаттарды алды. Оның сапасына қатысты сұрақтар көп. Себебі соңғы жөндеуден бері көп уақыт өте қойған жоқ. Алдын ала болжам бойынша, вокзалдың сыртындағы мәрмәр тастар жақсы бекітілмеген деген сезік бар. Реконструкция 2020 жылы жасалады деген жоспар болған. Бірақ жобалық-сметалық құжаттар әлі дайын емес. Қомақты қаражат керек. Себебі мәдениет және тарихи ескерткіш ретінде «Алматы-2» вокзалының алғашқы келбетін қайтадан қалпына келтіру керек»,- дейді «Алматыэлектротранс» мекемесінің басшысы.  

Шаһардың қоғамдық көлік қатынасына жауапты мекеме өкілі қазір вокзалға қатысты талқылаулар жүріп жатқанын айтады. Жақында қозғалған қылмыстық іске қатысты тағайындалған  сараптама қорытындысына байланысты шешім қабылдануы мүмкін.  

Сәулетшілер бекеттің қасбетіндегі және ішкі бетіндегі ауыр мәрмәр тастарды толықтай алып тастап, ғимараттың негізін қалаған орыс архитекторлары мен сол кездегі көлік министрі Мұхаметжан Тынышбаевтың жобасына сай қайта жөндеуді ұсынған. 

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#Алматы #вокзал