Президент ескі мамандармен «Жаңа Қазақстанды» қалай құратыны туралы айтты
Алматы қаласының әкімі қайта ауыса ма, облыс әкімдерінің сайлауына қашан болуы мүмкін?
Бірнеше минут бұрын ұлттық арна журналисі Жайна Сламбекке сұхбат берген Мемлекет басшысы күн сайынғы ауыс-түйістерден «жаңа кадрларды көре алмадық» деген қоғам сынына, Алматы қаласының жаңа әкімі Ерболат Досаевтың «қайта ауысуы» мен облыс әкімдерінің сайлауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
– Алматы қаласының жаңа әкіміне қатысты шешім өзгеруі мүмкін бе?
– Ондай ойым жоқ. Алматы – еліміздегі ең ірі, ерекше шаһар. Қаланың ахуалы, тұрғындардың әл-ауқаты менің жеке назарымда. Қаңтар оқиғасы кезінде қаланың экономикасы зардап шекті. Азаматтардың және бизнес иелерінің дүние-мүлкі тоналды. Көптеген нысан өртелді, қиратылды. Соның бәрін қалпына келтіру керек. Бұл – оңай шаруа емес. Сондықтан осындай жауапты жұмыс жаңа әкім Ерболат Досаевқа жүктелді, қолынан келеді деп үміттенемін. Себебі оның бизнес саласында, мемлекеттік қызметте тәжірибесі мол. Іскер, еңбекқор адам. Жұмыс істеуіне мүмкіндік берген жөн деп ойлаймын.
– Алдағы уақытта облыс әкімдері сайлана ма?
– Жалпы айтқанда, кадрлық ауыс-түйіс – үздіксіз жалғаса беретін үдеріс. Лауазым мәңгілік дүние емес. Жұмыстың жаңа талабына икемделе алмаған адамдар қызметтен кетуге мәжбүр болады. Олардың орнын жаңа кадрлар басады. Әкімнің бәрін ауыстыру менің негізгі мақсатым емес. Әкімдердің жұмысына жан-жақты талдау жасалады. Негізгі талап – азаматтардың әл-ауқатын арттыру. Сондықтан қажеттілік болса, тиісті кадрлық шешімдерді қабылдаймын. Міндетті түрде өзгерістер болады.
Мен 2020 жылы халыққа Жолдауымда алғаш рет ауыл әкімдерін сайлау туралы айттым. Көп ұзамай ауыл әкімдерін сайладық. Былтырғы Жолдауымда «Келесі қадам – аудан әкімдерінің сайлауы» деп айттым. Оны 2024 жылы өткіземіз. Бәлкім, пилоттық жоба ретінде келесі жылдан бастасақ, орынды болар.
– Ескі мамандармен жаңа Қазақстанды қалай құрамыз?
– Негізі, кадр мәселесін өте күрделі әрі аса маңызды. Расында, көп нәрсе білікті кадрларға байланысты. Менің бастамам бойынша Президенттік жастар кадр резерві құрылды. Кадрлық резервке өткен азаматтар біртіндеп жауапты қызметке тағайындалып жатыр. Әрине, мұнымен шектелуге болмайды. Басқа да адамдарға жол ашуымыз керек. Жалпы, мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талап өте жоғары болуы тиіс. Кез-келген адам бірден министр немесе әкім бола салмайды. Ол анық нәрсе. Біраз уақыт, мол тәжірибе керек. Ондай лауазымға білімді, білікті, қызметіне адал азаматтарды тағайындаған жөн. Бұрынғы мамандардың бәрін жұмыстан шығару дұрыс болмас еді. Орысша «политическая чистка», яғни «саяси тазалауға» барудың қажеті жоқ. Мемлекеттік басқару саласына бірте-бірте жаңа мамандар келеді. Келіп те жатыр. Бұл – қалыпты үдеріс. Бірақ, бір нәрсені есте ұстаған жөн. Мемлекеттік қызмет – эксперимент алаңы емес! Сондықтан бұл жұмысты бірте-бірте жүргіземіз.
– Шетелдегі білікті кадрлар елге шақырыла ма?
– Расында шетелде жүрген білікті мамандарымыз аз емес. Бұл үшін ешкімді айыптауға болмайды. Қазір – жаһандану заманы. Адам қай жерде сұранысқа ие болса, сол жерге барып жұмыс істеуге қақы бар. Оған ешкім кедергі жасамайды. Біз өз саласында табысқа жеткен азаматтарды бұған дейін де шақырғанбыз. Елге қайтып келген отандастарымыз да бар. Бірақ, шындығын айтуымыз керек, елімізге білімі жоғары, парасатты адамдар керек. Жалпы, адами капитал жоғары болуы қажет. Жалпақ тілмен айтсақ, Отанымызға келген адамдардың сапасы неғұрлым жоғары болса, елімізге соғұрлым тиімді болады.
Жалпы, бәріміз еңбекқорлықтың, біліктіліктің идеологиясын көтеруіміз керек. Ұлтымыз дүние жүзінде, ең алдымен, еңбекқор, жұмысқа адал ұлт ретінде мойындалатын болса, бұл экономикамызға оң әсер етеді. Масылдықтан, жалқаулықтан алшақ болуымыз қажет. Сонда ғана «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасы іске асады. Меніңше, біз бұрын үлкен идеологиялық қателік жібердік. Шетелге, яғни Орта Азиядан Ресейге кеткен жұмысшыларға күліп, «Қараңыздар, олар қара жұмыспен айналысуға мәжбүр болды, ал бізге келгенде, бірде-бір қазақ шетелде жұмыс істемейді, жайбарақат жүрміз» деп қатты мақтандық. Кез келген еңбекті жоғары бағалау қажет, солай емес пе? Бүгінгі күні Орта Азиядағы жұмысшылар Ресейде еңбек етіп, күн көріп жатыр. Ал біздікілер еңбек бәсекесіне шыдай алмайтын болды. Өкінішке қарай, бұл «сырьевое проклятье», яғни «шикізатқа тәуелді болудың» салдары.