$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Елордада бес жыл бұрын такси жүргізушісін пышақтап өлтірген күдікті қолға түсті

Ол такси жүргізушісін 17 жерден пышақтап өлтірген

Елордада бес жыл бұрын такси жүргізушісін пышақтап өлтірген күдікті қолға түсті
Фото ашық дереккөзден

Нұр-Сұлтан қаласының ПД жедел қызметкерлері қылмыстық істің бетін ашты. Тәртіп сақшылары 5 жыл бұрын таксисті өлтіріп кеткен күдіктіні тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Көкшетау қаласында арнайы іс-шара жүргізу барысында адам өлтірді деген күдік бойынша 27 жастағы ер адам ұсталды.

2017 жылдың тамызында күдіктінің базарлардың бірінің жанында «Daewoo-Nexia» жекеменшік таксиін жалдап, «Лесозавод» ауданына қарай шыққаны анықталды. Көрсетілген орынға келгеннен кейін жүргізуші мен жолаушының арасында жол ақысының құны үшін қақтығыс орын алған, таксист қызметінің құнын 1 мың теңгеге бағалаған. Сөзге келіспей қалған жолаушы пышақ алып шығып, жүргізушіге 17 пышақ жарақатын келтірген, соның салдарынан жүргізуші оқиға орнында қайтыс болған. Адам өлімі болғаннан кейін қылмыскер ізін жасыруға тырысып, машинада қалған саусақ іздерін мұқият сүрткен.

«Аса ауыр қылмыс жасап, күдікті қылмыс жасалған орыннан жасырынған және бірнеше күннен кейін көршілес республикаға шығып кеткен. 5 жыл бойы елордалық жедел қызметкерлер адам өлтірді деп күдік келтірілген адамның жеке басын анықтау бойынша көптеген жұмыс жүргізген. Криминалистер қылмыс орнынан табылған барлық іздерді зерттеді.

2 жыл өткеннен кейін автокөліктің жүксалғышынан алынған саусақ іздерін зерттей отырып, криминалистер сәйкестікті анықтаған. Алайда тергеп-тексеру жүргізу барысында саусақ іздері қайғылы оқиға орын алғанға дейін біраз уақыт бұрын жүргізуші барған жанар-жағармай құю станциясы қызметкеріне тиесілі екені анықталған, іздестіру жалғасын тапқан.

Өткен жылдың соңында криминалистер саусақ ізі бойынша тағы бір сәйкестікті анықтаған және қайтадан белсенді тексеріс басталған. Саусақ ізі иесінің 2014 жылы Беларусь Республикасында ұрлық жасағаны үшін сотталғаны анықталды. Ол Ақмола облысының тұрғыны болып шыққан. Тексеріс жүргізу барысында жедел қызметкерлер оның адам өлтіруге қатысы бар екенін анықтаған. Ұсталғаннан кейін бұлтартпайтын айғақтардың нәтижесінде күдікті жасаған ісін мойындаған. Қазіргі уақытта ол Нұр-Сұлтан қаласының ПД Уақытша ұстау изоляторына қамалды», - делінген қалалық Полиция департаментінің хабарламасында.

Қазақстан Республикасы ҚК-нің 99-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.

Серіктес жаңалықтары