Елімізде бес университеттік аурухана салынады

Azattyq Rýhy

Қалған 12 жоба 2026 жылдан бастап кезең-кезеңімен енгізілетін болады

Елімізде бес университеттік аурухана салынады

2025 жылға дейін 5 университеттік және 3 көпбейінді аурухана салынады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты.

«Көпбейінді ауруханалар салу бойынша республикалық мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының тізбесін оңтайландыру мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі қолданыстағы «Дені сау ұлт» ұлттық жобасын іске асыру аясында бірінші кезеңде 2025 жылға дейін 5 университеттік аурухана және 3 көпбейінді аурухана салуды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Бұл ретте, қалған 12 жоба 2026 жылдан бастап кезең-кезеңімен енгізілетін болады», - деді Ажар Ғиният.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Ұлттық экономика және Қаржы министрліктерімен медициналық бұйымдарсыз аурухана құрылысының 1 шаршы метрінің шекті құнын және 1 төсек-орынға арналған шекті алаң нормативін айқындау жұмысын жүргізіп жатыр. Сондай-ақ оңтайлы қаржы моделін пысықтау және жоғарыда аталған 8 жоба бойынша шығыстарды оңтайландыруды қолға алды.

«Жоғарыда аталған тапсырмалар ауруханаларды салу жөніндегі бағдарламаны іске асырудың бірыңғай тәсілі мен оңтайлы нұсқасы жөнінде ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік береді. Университеттік ауруханаларды іске асырудың басымдығы барлық қалған жобаларды кадрлармен қамтамасыз ету және білім, ғылым мен практиканың үштұғырлығы қағидатын іс жүзінде қолдану қажеттігінен туындайды», - деді ол.

 
 
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.