Атырау облысында жоғалып кеткен жүргізуші аман-есен табылды
27 жастағы жігіт 12 ақпан күні із-түзсіз жоғалып кеткен болатын
Атырау облысында жанармай таситын көліктің жүргізушісі аман-есен табылды, деп жазады Azattyq Rýhy.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 27 жастағы жігіт 12 ақпан күні Мақат ауданына бару үшін көлігімен жолға шыққан. Ол Мақат ауданындағы «Қаратал» кен орнына бармақ болған. Алайда 14 ақпанға дейін кен орнына жетпегені анықталған.
«14 ақпан күні түнде басталған іздестіру жұмыстарына №8 өрт сөндіру бөлімінен 3 қызметкері мен 1 «УАЗ» көлігі мен туыстары шықты. Сол күні таңертеңгі сағат 06:20-да жедел-құтқару жасағының 3 құтқарушысы мен 1 «ТРЭКОЛ» жол талғамайтын көлігі, «Арна» ЖШС-нің 3 қызметкері мен 1 техника, сондай-ақ, туыстарынан 13 тартылды», - делінген ТЖД хабарламасында.
Кейін «Қаратал» кен орнына таяу маңға Қазавиақұтқару» АҚ-на қарасты МИ-8 тікұшағымен әуеден шолу жасалды.
Оған экипаждың 4 мүшесі, төтенше жағдайлар департаментінің 3 қызметкері, туыстарынан 3 адам қатысты.
«Құтқарушылар жанармай таситын көлігімен жоғалып кеткен жүргізушіні 14 ақпанда жергілікті уақытпен сағат 17:12-де Мақат ауданындағы Доссор кентінен тапты. Жүргізушінің айтуынша, жолда көлігі бұзылып, Доссор кентіне жаяу жеткен. Денсаулығы қалыпты, медициналық көмекті қажет етпеді», - делінген ақпаратта.