Карантин: БҚО тұрғындарына 2,4 млн теңге айыппұл салынды
Өңірде 1 қаңтардан бері карантинге жатқызылған 729 адамның тәртіп бұзғаны анықталды
Ashyq қосымшасының көмегімен Батыс Қазақстан облысындағы оқшаулану талабы қойылған мекемелерге 729 адамның келгені анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
БҚО бас санитарлық дәрігері Мұхамғали Арыспаевтың айтуынша, Ashyq жобасы жүзеге асырылғалы бері COVID-19 инфекциясына оң нәтиже берген науқастар карантинді, үйден оқшаулау талаптарын сақтамай, адам көп жиналатын орындарға жиі баратыны анықталды.
«Ashyq қосымшасының мәліметі бойынша биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап 729 келушінің карантинге жатқызылғаны анықталды. Оның ішінде, 719-ы «қызыл», 10-ы «сары» белгі алған. Анықталған заңбұзушылықтар бойынша «Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы, сондай-ақ гигиеналық нормативтер саласындағы заңнама талаптарын бұзу» бабы бойынша 2,4 млн теңге сомасына 54 әкімшілік хаттамалар толтырылды», – деп түсіндірді Батыс Қазақстан облысының санитарлық дәрігері.