Алматыда қару-жарақ дүкенін тонауға қатысқан үш адам ұсталды
Тәркіленген қару сот-баллистикалық сараптамаға жіберілді
Алматыдағы «Камерад» қару-жарақ дүкенін тонауға қатысты деген күдікпен үш адам ұсталды. Олардан 5 шолақ мылтық тәркіленді, деп хабарлайды Аzattyq Rýhy Алматы полиция департаменті бастығының орынбасары Рустам Әбдрахмановқа сілтеме жасап.
22-24 жастағы күдіктілердің екеуі Алматы облысының, тағы біреуі Жамбыл облысының тұрғыны. Жамбылдық күдікті бұрын тонау бойынша сотты болған.
«Алматы облысы Қарасай ауданы аумағында жүргізілген арнайы операция барысында екі күдікті ұсталды, тағы бір айыпталушы Алматыдағы Достық даңғылындағы сауда үйінде ұсталды. Олар тергеу сотының санкциясымен қамауға алынды», - деп мәлімдеді Рустам Әбдрахманов.
Қазіргі уақытта тергеушілер ұсталғандардың жеке басын, басқа да заңсыз әрекеттерге, соның ішінде қаңтар оқиғасы кезінде болған заңбұзушылықтарға қатыстылығын анықтауда.
Тәркіленген қару сот-баллистикалық сараптамаға жіберілді.
«Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізу Әуезов ауданы Полиция басқармасының тергеушілеріне тапсырылды. Тергеу барысы мен нәтижесі Алматы полиция департаментінде бақылауға алынды», - делінген хабарламада.