Алматыдағы бүлік кезінде қолға түскендерден қару-жарақтар тәркіленді
Ұйымдасқан қылмыстық топ өкілдері жауапқа тартылуда
Бірқатар қылмыстықтық топтардың басшылары мен қатысушылары жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыруға қатысуына байланысты жауапқа тартылуда, деп хабарлайды Polisia.kz.
Қаңтар айындағы оқиғалардан кейін ІІМ Криминалдық полиция департаментінің қызметкерлері аумақтық бөлімшелердің қатысуымен Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Өскемен және Қызылорда қалаларында жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 4-7 қаңтарда жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыруға қатысы бар бірқатар қылмыстық топтардың басшылары мен ұйымдасқан қылмыстық топтардың қатысушыларын ұстады және жауапкершілікке тартты.
Жүргізілген арнайы операциялардың нәтижелері бойынша ұсталғандардан мынадай қару-жарақ түрлері алынды: екі «Калашников» автоматы, төрт «ПМ» тапаншасы, төрт «Глок» тапаншасы, револьвер, «ТТ» тапаншасы, помпалық мылтық, автоматты мылтық, «Сайга-410» тегіс ұңғылы карабині, «Оса» травматикалық тапаншасы, РГД-5 гранаты және әртүрлі калибрлі 130-дан астам оқ-дәрі тәркіленді.
Барлық ұсталғандарға қатысты «күзетпен ұстау» бұлтартпау шарасы таңдалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.