$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

10 жасында ата-анасы сатып жіберген қыз жыныстық құлдықта болған

Нигора екі айдан бері дағдарыс орталығын паналап отыр

10 жасында ата-анасы сатып жіберген қыз жыныстық құлдықта болған
Фото ашық дереккөзден

10 жасар қызын өз ата-анасы сатып жіберген. Бауыр еті баласын өмір сүрсін деп емес,  жыныстық құлдыққа берген. Бұл туралы Астана арнасына сұхбат берген жәбірленушінің өзі айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

 Арнаның хабарлауынша, қыз ол жерден 9 жылдан кейін әрең дегенде қашып шыққан көрінеді. Бірақ онан кейінгі тағдыры да оңай болмапты. Қазір ол Шымкенттегі арнайы орталықты паналап отыр. Нигора Өзбекстанда туған. Оны небәрі он жасында ата-анасы бейтаныс адамдарға бір шабадан ақшаға сата салыпты.  

 «Перзент керек жоқ деді. Ақша керек деді. Папам наркоман еді, мамам ішеді, ақша керек деді. «Әке»- деп жылап едім, бұрылып қарамады да.  Атам мені сатады деген сөзді естігеннен кейін жүрегі ұстап қайтыс болды. Жалғыз жанашырым сол кісі еді. Одан бері туыстарым да іздеген емес», - дейді Нигора.

 Сұрауы жоқ кішкентай қызды сатып алғандар алғашында Сарыағашқа, одан бері Шымкентке қарай әкелген көрінеді. Айтуынша,  туғалы ата-анасынан  еш жылулық көрмеген. Сексуалдық құлдықта бақандай тоғыз жыл өмірі өтіпті. Ол жерде менен басқа жиырма шақты қыз болды дейді. Оларды қараңғы үйден аттап бастырмаған, көкала қойдай сабайтын болған.  Жүрек жалғауға тек қара нан мен су берген.    

«Аштықтан талай қыз өліп қалды сол жерде. Кейбірін шетелге сатып жіберді. Бізді бір бірімізбен араластырмайтын. Жыныстық қатынасқа түсуден бас тартсақ темірмен, шынжырмен ұрып, басыма тапанша тақайтын. Қараңғы қапастағы тіршіліктен жанашыр бір азамат шығуға көмектесті», - дейді жәбір көрген қыз.

Басқа барар жері жоқ болғандықтан Нигора екі айдан бері дағдарыс орталығын паналап отыр.  Қолында сәбиі бар. Ұлымның әкесі аяғым ауыр екенін білген соң тастап кетті дейді.  Бір бәледен құтылдым дегенде, екіншісіне тап болады. Жағдайыңды жасаймын дегенге сеніп, екінші рет те құлдыққа түсіп қала жаздағанын айтады.  Біреулер оны малға жегіпті.  Ол жерден еріктілердің арқасында  құтылған.

Нигора жасы отызға таяғанда алғаш рет қолына қалам алып,әріп танып жатыр. Оның   ата-анасы, туысқандары іздестірілуде.  Бірақ ол өзін ақшаға сатып жіберген ет жақындарын көргісі келмейді.   Қазақстанда ұлыммен бірге жақсы өмір сүрсем дейді.  Айта кетейік, бұл орталықта Нигора секілді жыныстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған тағы бес қыз бар.   

 

Серіктес жаңалықтары