$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Талдықорғанда үлескерлер Мемлекет басшысынан көмек сұрады

Төрт жылда көп қабатты үйдің бірінші қабатының қабырғасы қаланып, екіншісінің бағаналары ғана тұрғызылған

Талдықорғанда үлескерлер Мемлекет басшысынан көмек сұрады
Фото ашық дереккөзден

2020 жылы өз үйлеріне қоныстануы керек болған талдықорғандық үлескерлер әлі күнге дейін тиісті пәтерін ала алмай жүр. Өйткені «СурМак» серіктестігі тұрғын үй құрылысын бітірмей, жиған-терген ақшасын аударып сенім артқандарды сергелдеңге салып келеді, деп хабарлайды Хабар 24 арнасы.

Айта кетейік, аталған компания осымен облыс орталығындағы екінші үйдің құрылысын мерзімінен кешіктіріп тұрғындарды әбігерге салды. Құрылыстың аяқталуын асыға күтіп жүрген Дамир Бекбергенов екі жыл бұрын баспаналы болуы керек еді. Екі пәтердің құнын толықтай төлеп тастаған ол күні бүгінге дейін өзіне тиесілі үйге кіре алмай жүр.

 «Елден алған ақшаны қайтара алмай жүрмін. Өзімнің ақшам болған бәрін салдым. Енді қайда барарымды білмеймін, квартирада жүрмін. Звондасақ не телефонын алмайды. Ешқандай нәтиже жоқ», - дейді қала тұрғыны Дамир Бекбергенов.

Дамир Бекбергенов сияқты тұрғын үй құрылысына ақшасын аударғандар аз емес. Олардың барлығы серіктестікпен келісімшарт жасасқан. Жиналғандардың айтуынша, серіктестік сатылып басшылық құрамы ауысып кеткен. Олар үлескерлердің сұрауына Талдықорғанда құрылыс нысанымыз жоқ деп жауап берген. Ал әкімдіктегілер даулы мәселе азаматтар мен жеке компания арасында болғандықтан оған араласа алмаймыз деп отыр.

Бұл мәселенің шешімі сот жүзінде ғана іске асады.  Үлескерлердің бірі аталған серіктестікпен соттасқан. Бірақ одан айтарлықтай нәтиже болмай тұр. Құрылыс жұмыстары да жалғасқан жоқ. Төрт жылда көп қабатты үйдің бірінші қабатының қабырғасы қаланып, екіншісінің бағаналары ғана тұрғызылған. Басталған іс аяқталмай, баспанасыз қаламыз ба деп алаңдаған тұрғындар Мемлекет басшысынан көмек сұрап отыр.

 

Серіктес жаңалықтары