Атырауда көлігін мас адамға берген әйелге 428 мың теңге айыппұл салынды

Azattyq Rýhy

Ал автокөлік арнаулы тұраққа қойылды

Атырауда көлігін мас адамға берген әйелге 428 мың теңге айыппұл салынды
Фото ашық дереккөзден

Атырауда көлігін мас адамға берген әйелге 428 мың теңге айыппұл салынды. Бұл туралы Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Департамент мәліметінше, жыл басынан бері мас күйде көлік жүргізген 60-тан астам жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

«Мәселен, патрульдік полиция қызметкерлері 7 ақпанда сағат 04:30 шамасында Атырау қаласындағы Берғалиев-Шоқай көшелерінің қиылысында «ВАЗ – 2115» маркалы автокөлігін тоқтатты. Тексеру кезінде рульде отырған 1992 жылғы жігіттің көлік жүргізу құқығы жоқ екені анықталды. Медициналық сараптама қорытындысымен оның жеңіл дәрежелі мас күйде екені белгілі болды. Оған қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 608-бабының 6-бөлімімен әкімшілік хаттама толтырылды. Сот шешімімен 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, бұл көлікте 40 жастағы әйел болған. Ол аталған көліктің иесі болып шыққан. «Әйел иесі бола тұра көлік құралын алкогольді ішімдік ішкен мас адамға басқаруға берген. Осыған байланысты оған қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 608-бабының 8-бөлігімен әкімшілік хаттама толтырылды. Сот шешімімен көлік иесіне 428 820 теңге көлемінде айыппұл салынды. Ал автокөлік арнаулы тұраққа қойылды», -деп мәлім етті баспасөз қызметінен.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.