Ақмола облысында жалған екпе паспортын сатқан медицина қызметкерлері жұмыстан қуылды
Жалпы өткен жылы осындай заң бұзу деректеріне қатысты 8 қылмыстық іс қозғалған
Ақмола облысында жалған екпе паспортын жасап, сатқан медицина қызметкерлері жұмыстан қуылды. Бұл туралы облыстың бас дәрігері Нариман Сыздықов мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жалпы өткен жылы осындай заң бұзу деректеріне қатысты 8 қылмыстық іс қозғалған. Олардың үшеуі бойынша сот кінәлі тұлғаларды қызметтен шығарып, айыппұл төлетуді ұйғарған. Ал қалған істер әлі қаралып жатыр.
«Вакцина паспортын сатқан адам да, оны сатып алған адам да бір қылмысты ортақ жасаған боп саналады. Одан қалды, екеуі де вирустың одан әрі таралуына және мыңдаған адамның ауру жұқтыруына сеп болады. Ал осындай іспен айналысқан медицина қызметкерлері болса, олардың ақ халат киіп жүруге хақысы жоқ. Енді мұндай бассыздыққа жол берілмейді деп сенеміз», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Сыздықов.