Алматыда тұрғындар өз еркімен 25 қаруды полицияға тапсырды
7 ақпаннан бастап Алматы қаласында «Қару» жедел алдын алу іс-шарасы өткізілуде
Алматы полициясына азаматтар өз еркімен 25 атыс қаруын әкелген, деп хабарлайды Polisia.kz.
Мәселе тіркелмеген атыс қаруы туралы болып отыр, олардың көпшілігі осы жылдың қаңтар айының басындағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде қару-жарақ дүкендерінен ұрланған.
«7 ақпаннан бастап Алматы қаласында «Қару» жедел алдын алу іс-шарасы өткізілуде. Атыс қаруын сақтау ережелеріне ерекше назар аударылатын болады. Мұндай іс-шара қаладағы қылмыстық ахуалдың жақсаруына оң әсер етеді.
Естеріңізге сала кетейік, қару табылған немесе анықталған жағдайда азаматтар оны өз еркімен құқық қорғау органдарына тапсыруы қажет, бұл оларды қылмыстық жауапкершіліктен босатады. Жақсы үрдіс: азаматтардың құқықтық сауаттылық танытып, қаруды өз еркімен тапсыру деректері бар», – деді Алматы қалалық ПД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Болатбек Баятанов.
Жедел алдын алу іс-шараларын жүргізу барысында Алматы қаласы мен Алматы, Жамбыл облыстарының аумағында полиция қызметкерлері ұрланған 135 қару тауып, тәркіледі.
Сонымен қатар, қару-жарақ дүкендеріне қатысы жоқ 144 қару күдіктілерді ұстау және тінту кезінде тәркіленді. Ұрланған қаруды іздеу жалғасуда.