$ 511.22  540.05  4.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Биыл елімізде қандай мамандықтар сұранысқа ие?

Нұр-Сұлтанда 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша жұмыссыздар саны 2069 адамды құрады

Биыл елімізде қандай мамандықтар сұранысқа ие?
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy

Қазақстанда күзетші, бухгалтер, сатушы мен жүргізуші мамандығына сұраныс жоғары, деп хабарлайды  Azattyq Rýhy тілшісі.

«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ болжамдау департаментінің дерегі бойынша биыл Қазақстанда жалдамалы жұмыскерлердің саны 6,8-6,9 млн адамды құрайды.

Сонымен қатар, күзетші, бухгалтер, сатушы мен жүргізушілер еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар санатында.

«Өңірлер бойынша ең маңызды жиынтық сұраныс, оның ішінде зейнеткерлікке шыққан қызметкерлерді ауыстыру сұранысы Алматы қаласында, сондай-ақ Алматы және Жамбыл облыстарында жоғары. Ал өнеркәсіп саласы бойынша ең алдымен білім, ауыл шаруашылығы және сауда саласының қызметкерлері қажет», - деді өңірлік даму орталығының болжау департаментінің директоры Дмитрий Шумеков.

Белгілі болғандай, жалпы әйелдердің зейнет жасының ұлғаюын ескере отырып, еңбекке қабілетті халық саны биыл 11,4 миллион адамға жеткен. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 98 мыңға артық.

«Демек, биылғы жылы жұмыс күші 9,2-9,3 млн адамды құрайды, яғни жалпы алғанда өткен жылғы деңгейде қалады. Дегенмен, біздің болжамымыз бойынша еліміздің ең ірі үш қаласында Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жастардың үлесінің артуы және көші-қон себептеріне байланысты экономикалық белсенді халықтың жалпы саны 54 мың адамға артады», - деді Дмитрий Шумеков.

Сондай-ақ, болжам бойынша жұмыссыздар саны 461-465 мың адам деңгейінде болады, ал жұмыссыздық деңгейі 5 пайыздан аспайды.

Елімізде 261 000-ға жуық адам орта мектепті бітіреді, оның ішінде 109 мың адам 9-сыныптан кейін бітірсе, 152 мың адам 11-сыныптан кейін мектеп бітіреді. Оның ішінде 131 мыңға жуық адам колледжді, 103 мың адам ЖОО-ны таңдайды. Болжам бойынша Қазақстаннан кететін студенттер саны 10 мың болса, еңбек нарығынан 17 мың адам шығады.

Ал Қазақстанның ішкі еңбек нарығына шамамен 295 мың жұмысшы шығады деп күтілуде. Базалық сценарий бойынша қызметкерлерге деген қажеттілік 188,6 мың адамды құрайды. Тиісінше қалған 106 мың адам жеке немесе объективті себептермен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатына жатады.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше 2021 жылы республика бойынша барлығы 36 976 бос жұмыс орны тіркелген. Оның ішінде бос басшылар және мемлекеттік қызмет орындарының саны – 1 464. Бұл ретте, өндіріс және арнайы сервистік қызметтер саласындағы корпоративтік сектордағы мамандырылған бөлімшелердің басшыларына сұраныс жоғары. Былтыр бұл санатта 820 бос жұмыс орны болған. Елімізде сонымен қатар, мұнай-газ ісі инженерлері бойынша 5 773 бос жұмыс орны бар. Әлеуметтік салаларға жататын денсаулық сақтау саласында 2 495, білім беру саласында 1 344 бос жұмыс орны тіркелген. Ең көп жұмыс орны қызмет көрсету және сауда саласының жұмыскерлеріне тиесілі – 5 559 орын, келесі кезекте күзетшілер – 2 114 орын, сатушы мен сауда жұмыскерлері – 2 099 орын, жүк автомобильдерінің, автобустардың және троллейбустардың жүргізушілері – 2 236 бос жұмыс орны тіркелген.

Биыл қандай салаларда кадр тапшылығы туындауы мүмкін деген сауалға келер болсақ, алдымен өнеркәсіп, құрылыс, көлік саласы алдыңғы тізімде тұр. Барлығы – 2 314 бос жұмыс орнына қажеттілік туындайды. Статистикалық мәліметте көрсетілгендей, біліктілігі жоқ жұмысшыларға сұраныс жылдан жылға артпаса кеміген жоқ. Бұл тізімге тазалаушылар және үй қызметшісі, ауыл және орман шаруашылығы, балық өсіру және балық аулау шаруашылығының біліктілігі жоқ жұмысшылары, өнеркәсіп, құрылыс және тасымалдаудың біліктілігі жоқ жұмысшылары еніп отыр. Алдағы уақытта еңбек нарығына қажетті  жоғары білімі бар, білікті мамандардың қатарында денсаулық сақтау саласындағы кәсіби мамандар қажет. Бұл санатта 673 бос жұмыс орны бар.

Нұр-Сұлтан қаласының өзінде 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша жұмыссыздар саны 2069 адамды құрады, оның ішінде 1599-ы жұмысынан айырылғаны үшін әлеуметтік жәрдемақы алса, 370-і жұмыс іздеушілер қатарында.

Әлеуметтану ғылымдарының докторы Нұрлан Байғабыловтың айтуынша, ірі қалалардағы урбанизация проблемасын бір ведомство жеке шеше алмайды, бұл кешенді түрде шешілуі тиіс мәселе.

«Ауыл жастарының қалаға көшуі, миграциядағы заңдылық және нақты себептері бар. Ішкі көші-қон мәселесінде оған тоқтау қоя алмайсыз, Қазақстан азаматы ретінде әр азаматтың бұл процеске құқығы бар және жергілікті әкімшілік азматтар тарапынан қажетті сұраныстарды қамтамасыз етуі қажет. Жұмыссыздық мәселесінің қордалануына еңбек нарығындағы қажетті, сұраныстағы мамандыққа сай келмеу, еңбек ақысы кәсіби біліктілігімен әркез сәйкес келе бермейді. Нақты жүйелі әлеуметтік бағдарламаларды жандандыру керек. Бұған дейін жарияланған «2020 жылға дейінгі аймақтарды дамыту бағдарламасы», «Ауыл – ел бесігі» сынды  т.б. бағдарламаларды қала және ауылдың шынайы  өміріне қатысты нақты іске асырылуы тиіс. Біздегі ірі қалаларға (Алматы, Астана, Шымкент, Ақтөбе) қатысты агломерацияны қалыптастыру қажет, бұл ел ішіндегі көші-қонды реттеудің бір жолы», − дейді сарапшы.

Серіктес жаңалықтары